Хабар телеарнасы

Қайрат Келімбетов мобильді аударымдарды ынталандыруға шақырды

Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік Кірістер комитеті барлық жеке тұлғалар туралы мәліметтерді банктерден қабылдау тек 2025 жылдан басталады деп хабарлаған. Яғни жалпыға бірдей декларациялаумен бірге жүзеге асады. Демек, бұрынғыдай жеке тұлғалар арасындағы аударымдарға салық салынбайды. Олардың аударымдары «Банктік құпия» туралы заңға сәйкес салық органдарына берілмейді. Ал жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін салық төлеуден босатылған. Сондықтан әлдебір жаңа төлемдерден қорқуға негізі жоқ.

Ерлан Бекхожин, «Хабар»Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Қазір Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты күрделі ахуал қалыптасты. Сіз Ұлттық Банктің бұрынғы Төрағасы ретінде жаңа технологиялық қаржылық инфрақұрылымның қалай қалыптасқанын көрдіңіз. Қазір халық қолма-қол есеп айырысуға қайта көшкендей. Бұл кері шегіністі білдірмей ме?

Қайрат Келімбетов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы:

- Бұл мәселенің екі жағы бар деп ойлаймын. Бір жағынан мобильді аударымдарды ынталандыруымыз керек. Жаңа экожүйелер пайда болғанын білесіздер, соның ішінде Kaspi.kz–те бар. Бұл – жаңа нарық алаңы. Оның қызметін ел азаматтары ұдайы пайдаланады. Айталық, мемлекеттік қызметтер, кинотеатр мен дүкенге барғанда төлем жасайды. Бұдан бөлек, жеке бизнесін жүргізіп, кәсіпкерлікпен айналысу үшін де қолданады. Kaspi. kz – сәтті жоба. Мемлекет басшысы оны бізге мысал етті. Компания Лондон қор биржасында және «Астана» Халықаралық қаржы орталығында қос листинг өткізді. Оның құны 27 миллиард доллар деп бағаланды. Бұрын Kaspi. kz жай шағын банк болса, бүгінде ол – әлемдегі ең ірі қаржылық платформалардың бірі. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мұндай қаржылық платформаларды қолдайды. Қолма-қол төлемнен арылып, электронды аударымға көшу – нағыз революция. Қазір банктер арасында өзара бәсеке бар. Бұл жақсы. Бәсеке бар жерде даму бар. Мұны тоқтатпау керек. Бірақ бұл ретте салық салу мәселесіне де бей-жай қарай алмаймыз. Бұны Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банткермен бірлікте отырып шешу қажет. Жеке ойым мынадай: бүгінде экожүйенің көкжиегін кеңейту керек. Салық жөніндегі әңігме қайта көтерілетіні белгілі. Бұл жалпымемлекеттік жүйеге айналғанда ғана біздің азаматтар мен кәсіпкерлер бұған дайын болады.

Ерлан Бекхожин, «Хабар»Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Яғни сіздің ойыңызша, біз бақылауды мерзімінен ерте бастадық па?

Қайрат Келімбетов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы:

- Менің ойымша, бұл келісілді. Бірақ қандай да бір қателіктер болмауы үшін атқарушылар деңгейінде егжей-тегжейлі тексеру қажет.

Ерлан Бекхожин, «Хабар»Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Такси жүргізушілері мен сатушылар қолма-қол ақша сұрап жатыр деп естіп жатырмыз.

Қайрат Келімбетов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы:

- Мен де бір күлкілі жағдай туралы естідім. Такси жүргізушісі Kaspi.kz әйелінің атында болғандықтан, қолма-қол ақша сұраған. Себебі бұл ақша тікелей өзіне түседі екен. Бұл оқиғадағыдай мына жағдайда да үйлесімділік табуға болады деген ойдамын.