Хабар телеарнасы

Мақта терімі: 1 келісі 250 мың теңгеден қабылданып жатыр

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 теңгеге қымбат.

Естеріңізде болса, бұған дейінгі жылдары диқандар өңірдегі мақта өңдеу зауыттарына мақтаның келісін 120-140 теңгеден әзер өткізетін. Ол өз кезегінде кеткен шығынды жаппай, шаруалардың ала жаздай еткен бейнеті далаға кететін.

Мақтаарал мен Жетісай аудандарында мақта терімі басталды. Жергілікті диқан Мұрат Құрбанов биыл 60 гектар алқапқа 120 күнде пісетін ақ алтынның дәнін сепкен. Қазір шаруа әр гектардан орта есеппен 30-35 центнерден өніп алуда. «Бұл сұрыптың бір арттықшылығы ішінде шиті көп. Әрі сапсы да жақсы», – дейді. 

Мұрат Құрбанов, шаруа:

- Ішінде шиті көп екен, біздің жергілікті шиттан 2-3 чит артықшылығы бар. Одан кейін салмағы да жақсы мақтаның. Осының бәрі Үкіметтің қолдауымен болып жатыр. Уақытылы жанар-жағармай болып жатыр. Тыңайтқыш беріп жатыр.

Дәулет Жұрымбетов, шаруа:

-Судан 4-5 жылдан бері қиыншылық көріп жатыр едік. Мәселе биыл жақсы шешіліп, Өзбекстанға барып, басшыларымыздың сумен келісіп жатқанының арқасында судан тапшылық көрмедік. Одан кейінгі мәселеміз тыңайтқышты биыл жеңілдетілген бағамен алып, 40 центнерден, осы жер 30 центнерден өнім алып отырмыз. Жылда 140 аспайтын мақта бағасы биыл 250 теңгеге жетті.

Биылғы қуаңшылыққа қарамастан Мақталы аудандардың шаруалары ағын суды Өзбекстаннан тікелей «Достық» каналы арқылы артығымен алғандарын айтады. «Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен де таршылық көрмей, жеңілдетілген бағамен жанар-жағармайға қол жеткіздік», – дейді. Шитті мақтанның да бағасы көтеріліп, шаруалардың еңбегі еленіп жатыр.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

-Болжамдық есеппен 250 мың тонна шитті мақта жинаймыз деген болжамымыз бар. Өткен жылы мақтаның бағасы тоннасына 150 мың теңгеден айналған. Қазіргі таңда мемлекет басшыларының осы салаға қолдауларының арқасында тоннасы 250 мың теңгеден қабылданып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тоннасына 100 мың теңгеге артық. Әрбір ауыл шаруашылық тауар өндірушілері орташа есепен гектарына 500 мың теңгеден таза табыс табуға қол жеткізіп отыр.

Биыл Түркістан облысының шаруалары 110 мың гектар алқапқа мақта дақылын екті. Өңірдегі 18 мақта өңдеу зауытында 206 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Олар күндіз-түні диқандардың алқап басынан жинаған өнімдерін қабылдап жатыр. Сонымен бірге облыстық бюджет есебінен Жетісай ауданындағы 241 шақырымды құрайтын 121 қашықтыққа механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. «Бұл өз кезегінде суармалы жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсартып, жерасты суын төмендетеді. Сондай-ақ егістіктің тұздануының алдын алып, мақта дақылының өнімділігін арттырады», – деді мамандар.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы