Хабар телеарнасы

Криптовалюта: кіріс көзі ме, әлде қауіпке ұрындыратын жол ма?

Бұл көрсеткіш жыл сайын артпаса, кемімейді.  Ал осы майнингтік саланы дамыту үшін арзан электр қуаты ғана қажет. Еліміздегі электр қуатының өндірісі ішкі сұранысты бірнеше есе артығымен қамтамасыз ете алады.

Билік мұны қажетке жаратып, қазынаға қаржы түсіріп отыр. Алайда үкімет майнингтік саланы, яғни криптовалюта өндіруді қолдап отырғанымен, Ұлттық банк оны төлем құралы ретінде заңмен рұқсат бермей отыр. Неліктен?

Бұл Қарағандыда орналасқан майнингтік ферма. «Ферма» деген атауы ғана болмаса, мұнда негізінен төрт-түлік емес. Алты құрлық қарап отырған криптовалюта өндіріледі. Ал криптовалюта өндіру деген не? Алдымен соны түсініп көрейік. Бұрын ақшаны тек банк басушы еді. Қазір есепке жүйрік кез келген адам өзі-ақ шығара алады. Бірақ оны қолмен ұстап, я көзбен көру мүмкін емес. Қысқасы, математикалық алгоритмнен тұратын ғайып ақша.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

-Әлемде криптовалютаның сан түрі бар. Қазір құны ең қымбаты – биткоин. Тек біреуін өндіріп алуға 1 млн 400 мың теңгенің электр қуаты кетеді. Ал сатса, құны 10 есе қымбат. Қызығы, осы электрондық ақша нарыққа алғаш енгенде, небәрі 1 долларға, яғни 420 теңгеге 1 мың 300 биткион сатып алуға болатын. Яғни сіз 2009 жылы сол 420 теңгені осы электрондық валютаға айырбастағанда, қазір шотыңызда 17 млрд теңгеңіз жататын еді.

Ел аумағында осы қаржылық бірліктерді өндіретін 13 майнингтік фермаға қосымша тағы төртеуін салу көзделіп отыр. Қызығы сол, қазір Қазақстанда криптовалюта өндіруге рұқсат етілгенімен, төлем құралы ретінде қолдануға заңмен рұқсат жоқ. Яғни мейрамханаға барып, бір кесе шай да сатып ала алмайсыз.

Рустам Габдулкафеев,  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқарма жетекшісі:

- Қазақстанда тек теңгемен есеп айырысуға болады.  Ал криптовалюта қаржылық бірлік, я болмаса қаржылық инструмент емес. Мұны қылмыстық жолмен ақша табатындар мен алаяқтардың ұтымды пайдалануы мүмкін.  

Ал сарапшылардың криптовалютаға қатысты пікірі екі ұдай. Бірі: «бұл – заман талабы. Оның болашағы зор»  деп есептесе, енді бірі үмітпен емес, үлкен күмәнмен қарайды.

Мақсат Халық, экономист-сарапшы:

-Қазір 4-ші революциялық заманында технологиялық дамуда біз артта қалып қалмауымыз керек. Сондықтан осы криптовалютаны дамыту жөнінде біз нақты заң қабылдағанымыз дұрыс.

Әнуар Бәкиев, кәсіпкер:

-Биткоиннің құны өндірісте ешбір активпен бағаланбайды. Оны төлем құралы ретінде қолданатын елдер кемде-кем. Бағасы құбылмалы, аяқ астынан шарықтауы, я болмаса әп-сәтте құлдилап кетуі мүмкін. Қысқасы, бағасын алыпсатарлар қолдан өсіріп отырады. Демек, әділ құны жоқ, заңмен реттелмейтін болса, әлбетте күмән туғызады.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

 -Егер төлем картасын жоғалтып алсақ, я болмаса бөтен шотқа ақша аударып жіберсек, мәселені банк арқылы шешеміз. Ал криптовалютаны әлемде бірде-бір ел, бірде-бір мекеме бақыламайды. Яғни қаражаттың кімге және қалай кеткенін қадағалау мүмкін емес. Қателесіп, бөтен шотқа ақша жіберіп, я болмаса кілт сөзді ұмытып қалсаңыз, онда биткоиніңіз көзіңізден бұлбұл ұшты дей беріңіз.

Сондықтан осы саланың қыр-сырын меңгерген сарапшылары: «Криптовалюта нарығының қауіп қатерін бағамдай алмайтындар бұл іспен айналыспағаны жөн», - деп есептейді.

Батырбек Омаров, Қазақстандағы блокчейн қауымдастығының негізін қалаушы:

-Ең алдымен, білім керек. Көзді тарс жұмып, үйіңізді немесе көлігіңізді биткоинға саудалаудың қажеті жоқ. Ақша табу үшін қаржылық сауаттылықты меңгеру керек. Мәселен, биткоиннің бағасы қымбаттағанда, оны сатып алудың керегі жоқ. Арзандаған кезде алған дұрыс. Яғни, тәуекелге қай кезде бел буу керектігін білу керек.   

Мақсат Халық, экономист-сарапшы:

-Бұған ақша салуға болады. Бірақ та өзіңізде инвестицияға арналған артық қаражатыңыз болса ғана. 

Сарапшылардың биткоиннің бағасына қатысты болжамдары саны қилы. Бірі виртуалды ақшаның құны алдағы 1-2 жылда қарыштай береді десе, енді бірі келешекте криптовалютаның биткион түрінде емес, мемлекеттің цифрлық валютасы ретінде ғана дамуға мүмкіндігі бар деп есептейді.

Авторы: Зайнұр Байжігіт