Хабар телеарнасы

Өткен жылы 428 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

Бұл – Есеп комитетінің мәліметі. Өткен жылы қазына қаржысының тең жартысы әлеуметтік саланы жарылқауға жұмсалды. Жалпы ішкі өнім 4,5% жетіп, «Нұрлы жер» жобасы аясында 13 млн шаршы метр баспана салынды. Үкімет бюджетті 100% орындап шыққанымен, басы ашық мәселелер жоқ емес.

Артур Платонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Былтырғы аудит қорытындысы бойынша ереже бұзушылықтар тым көп. Заң нормалары мен квазимемлекеттік сектор саласындағы актілерді бұзушылықтар 2018 жылмен салыстырғанда 12 есеге көп. Қаржылық заңбұзушылық неліктен күрт көбейді?

Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:

- Бұл Мемлекеттік аудит туралы заң аясында ревизиялық комиссиялар мен ішкі аудит қызметтерінің жұмыс аумағы көбейгенімен байланысты. Бұған дейін тек аудит негізінен мемлекеттік органдарда жүргізілсе, биыл ұлттық холдинг, компаниялар да тексерілді.

Қазір жаһандық экономиканың өзі шатқаяқтап тұр. Шикізат ресурстары қажеттілікті жабуға жетпейді. Қазірдің өзінде бюджет шығысының төрттен бір бөлігі – Ұлттық қор қаражаты. Қор ақшасы кейде жөнсіз бөлінеді. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі университеттерде коворкинг орталық ашамыз деп Ұлттық қордан ақша алған, бірақ игерілмеген.

Жәмила Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Білім және ғылым министрлігіне 30 университетте коворкинг аймақ ашу үшін 663 млн теңге берілген. Ол мақсатты трансферт арқылы Ұлттық қордан бөлінген, бірақ игерілмеген. Онда қордан неге ақша бөлінген?

Ақша толық бюджетке қайтарылған. Білім министрі коворкинг орталықтары бизнес есебінен ашылатынын айтты. «Бұл –бюджетті сапасыз жоспарлаудың кесірі», – деді депутаттар. Осы ретте Мәжіліс төрағасы ұлттық қор қаржысы тек шұғыл жағдай үшін ғана қажет екендігін, оны Елбасы да, Мемлекет басшысы да айтқандығын атап өтті. Қолда бар қаржыны ұқсата алмағандар да көп. Мәселен, «КазАгро» 5 жыл бойы 1,8 млрд теңгені игермей келген. Депутаттар басқа жобалардың тиімділігін де сұрады.

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік саясатты іске асыру үшін «ҚазАгро» холдингінің жарғылық капиталын ұлғайту» бюджеттік бағдарламасы бойынша Үкімет есебіне сәйкес 30 млрд. теңге аударылып, тікелей нәтижелер көрсеткішіне қол жеткізілді. Осы 264 жобада 357 жаңа жұмыс орнының құрылғаны атап көрсетілген. Яғни 1 жобаны іске асыру нәтижесі 1,5 жұмыс орнын құру болып отыр. Осының бәріне 84 млн теңге жұмсалды ма?!

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қазір сіз айтқан 375 орын – бұл бастапқы этапта құрылған орындар. Негізгі жобалар аяқталған кезде біздің жобамыз бойынша 3,5 мың жұмыс орны сақталып қалып, жаңадан ашылуы керек. Жылыжайлар, сүт фермалары бар. Онда 5-10 адам жұмыс істейді. Өндірісті дамыту мәселесі бірінші орында тұр.

Депутаттар әлеуметті жұмыспен қамту бағдарламарының тұрақтылық деңгейін де саралады.

Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы бағдарламада Жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналасқан азаматтардың 71% жұмысы тоқтатылды. Олар уақытша жұмысқа орналасты. «Еңбек» бағдарламасының тұрақты жұмыспен орындарымен қамтамасыз етуге көшу қашан жүзеге асады?

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Оның негізгі себебі – тұрақты жұмыс табылуы. Былтыр әлеуметтік жұмыс орындарының 71%, жастар практикасының 48% тұрақты жұмысқа ауысып кетті. Сөйтіп 52 мың адам уақытша жұмысты бастап, тұрақты жұмысқа ауысып кетті.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бюджеттің тиімділігі нақты нәтижелермен өлшенетінін атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

 - Мемлекеттік бюджеттің тиімді болуы тек бөлінген және игерілген қаражатқа байланысты емес. Ол қаржылардың барлығы нақты экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешіп, халқымыздың өмір сапасын арттыруға ықпал ету керек. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында да алға қойған негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан бюджеттің әрбір тиыны қайда және қандай мақсатқа жұмсалғаны алдағы уақытта да депутаттық корпустың бақылауында болады.

Мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобалары бойынша бюджетке жүктемені азайту туралы да айтылды. Президент жолдауында аталып өткендей квазимемлекеттік сектордың бюджетке пайдасын арттыру сөз болды. «Олар қазынаға тәуелді, сондықтан сала қатаң қадағалануы тиіс», – деді депутаттар. Үкімет пен Есеп комитетінің есебі Сенатқа жолданды.

Авторы: Индира Жылқайдарова