Хабар телеарнасы

Coursera білім беру платформасын қазақстандық студенттер тегін пайдалана алады

Әлемдік деңгейдегі озық оқу орындарының білім беру платформасын қазақстандық студенттер онлайн тегін пайдалана алады. Бұл жоба «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен былтыр іске асырылды. Тиімділігі дәлелденгендіктен биыл да жалғасын тауып отыр. Айта кетейік, Coursera жобасын жыл сайын 190 мемлекетте 100 миллионнан астам студент қолданады. Мұнда әлемнің үздік деген 225 университетінің танымал курстары бар. Ағылшын тіліндегі әлемдік мақалалар мен бағдарламалар қазақша да қолжетімді. Шетелдік Coursera компаниясымен Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында келісімге сәйкес дәрістер мемлекеттік тілге аударылған. Өткен жылы еліміздің 50 мыңға жуық студентіне осы жобада тегін оқуға мүмкіндік берілді.

Асхат Чукуров, Х. Досмухамедов атындағы Атырау университетінің проректоры:
-Курсерадағы әлемдік 10-дыққа кіретін университет профессорларының курстарын қазақ тіліне аударып, елімізде 25 өңірлік жоғары оқу орындары студенттеріне оқуына мүмкіндік берді. Аударылған 102 курсқа 25 жоғары оқу орнынан қазіргінің өзінде 47.000 студент Қазақстан бойынша 70.000 курсты игеріп отыр.

Карима Жұмағали, Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті:
-Курсера курстары, менің ойымша, студенттерге өте көп мүмкіндік береді. Өздері білім алып жатқан саладан бөлек, басқа қызығатын салалар арқылы олар өзге де саланы меңгеріп осы нарықтағы сұранысқа ие маман бола алады деп ойлаймын.