Хабар телеарнасы

Ақын Несіпбек Айтұлы өмірден озды

Бүгін қазақ руханияты қара жамылды. Айтулы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы өмірден озды. Мемлекет басшысы марқұмның отбасы мен жақын туыстарына жеделхат жолдап, көңіл айтты. Несіпбек Айтұлы ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып, руханият саласының алға басуына күш-қайрат жұмсады. «Қазақстан тәуелсіздігінің жыршысына айналған ақынның тартымды туындылары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды»,— делінген Президенттің көңіл айтуында. Марқұм Несіпбек Айтұлы 1950 жылы Тарбағатайда дүниеге келген. Журналистика мамандығын тәмамдап, көптеген басылымда еңбек етті. Алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрген еді.

Иә, айтулы ақын Несіпбек Айтұлының негізгі мамандығы журналист. Кезінде «Қазақ әдебиеті» газеті мен әйгілі «Жұлдыз» журналында қызмет етті. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Президенттік Мәдениет орталығында да жұмыс істеген. Ал соңғы қызметі – Астана қаласы Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің директоры. Бірақ қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да өлеңнен бір сәт қол үзген емес. Тіпті арасында балаларға да арнап жыр жазды.

Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры:
-Кешегі алыптардың тобын жалғастырған Құлагер шабысты, кешегі Ілиястай кең тынысты, кешегі Мағжандардай осы қазақтың халін жырлаған, кешегі Абайдай аласұрған, ілінің тағдыры үшін, халқының сүйіншілі дүниесіне жан жүрегін жұлып беріп, тебіренген ақын. Сол ағамызға енді уақыт болды. Қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз.

Несіпбек Айтұлы — өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспеген адуынды ақын. Оның «Бәйтерек», «Ерлікке ескерткіш», «Дариға, дәурен» атты туындылары қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған, шоқтығы биік шығармалар. Қазақтың Несіпбегі қара өлеңмен қатар аударма ісімен де айналысты. Шығыстың шайыры Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» мен «Ләйлі-Мәжнүн» секілді бірнеше әлемдік еңбекті ана тілімізде сөйлетті. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ақтық демі үзілгенше «қазақ» деп өткен.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Бақұлдасып отырғанда, «тілді сақтаңдар, тәуелсіздікті аялаңдар, бірлікті сақтаңдар» деп, елдіктің сөзін айтып кетті. Тек қана өзінің жырларымен ғана емес, ісімен де елдікке, бірлікке, тәуелсіздікке қызмет етті. Ағамыз шын мәнінде қазақ қара өлеңінің ғана емес, жалпы түркі поэзиясының да сонау көптен үзілмей келе жатқан алтын арқауының бір жалғасы болатын. Жыраулардай көсіліп жырлайтын. Сондықтан ағамыздың қазасы жалпы біздің әдебиет, мәдениет, руханиятымыз үшін ауыр қаза.

Қазіргі қазақ ақын-жазушыларының ұстазы Несіпбек Айтұлы Астанада жерленеді. Марқұмның жаназасы 18 қазан сағат 10:00-де «Әзірет Сұлтан» мешітінде оқылады. «Хабар» агенттігінің ұжымы да марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Авторлары: Дамир Берікұлы