Хабар телеарнасы

Ядролық физикадағы ынтымақтастық артады

Қазақстанның Ядролық физика институты әлемдегі беделді орталықтармен байланысты нығайтуды көздеп отыр. Бұл туралы Алматыда басталған «Жоғары энергия физикасы және үдеткіш технологиялар» халықаралық мектебінде айтылды. Оған алыс-жақын шет елдерден 50 астам маман қатысуда.

Шілде айында Ядролық физика институты CERN-Ядролық зерттеулер бойынша европалық ұйыммен NA62 жобасы аясында келісімге келген. Келісімге сәйкес біздің ғалымдар CERN зерттеуіне қажетті строу-детекторлардың бір бөлігін құрастырып сатуды жоспарлап отыр. Нейтринді физиканы зерттеуде қолданылатын строу-детекторларға АҚШ Fermilab ұлттық зертханасы тарапынан да сұраныс көп. Халықаралық жобаларға қатысу Ядролық физика институтына пайда табуға және заман ағысынан шет қалмауға мүмкіндік береді.

Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры: 
- Fermilab CERN-нің тікелей конкуренті. DUNE деген жобаны 2028 жылы бастағалы отыр. Бас-аяғы 3,5 млрд құны бар мегасайенс жоба. Оның млрд доллары осы строу-детекторлар. Сол млрд доллардың ішіне Қазақстан өзінің үлесін қосып сол жерге строу-детекторлар жасап береміз бе деген ниетіміз бар.