Хабар телеарнасы

Қоянды жәрмеңкесі: тың деректер кітап болып жарық көреді

Қоянды жәрмеңкесіне қатысты тың деректер жуырда кітап болып жарық көреді. Бұл туралы Қарқаралыда өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

Тарихшылар Ресейдегі бірнеше мұрағатты ақтарып, еш жерде жарияланбаған құнды мәліметтерді тапқан. Сонымен қатар Қарқаралының орталық көшесінде жәрмеңке және тарихи-этнографиялық көрме ұйымдастырылды. Биыл Қоянды жәрмеңкесіне – 175 жыл. Шара барысында Қарқаралы ауданы мен Түркістан қалалары арасында экономика, туризм, мәдениет салалары бойынша ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойылды. Және жәрмеңке тарихынан сыр шертетін деректі фильмнің тұсауы кесілді.

Елдос Тоқтарбай, алаштанушы ғалым:
- Бұл жәрмеңкені тек байлардың, я болмаса саудагер-көпестердің келуі деп қана қарамау керек. Бұл жерде қазақ меценаттығының, қазақ ақсүйектігінің негізі қаланған. Осы жерде қазақтың талай байлары ақысыз, пұлсыз жұртына адал қызмет етудің ерен үлгісін көрсетті. Қазаққа театр керек деді, кино керек деді, қазаққа әдебиет, мәдениет, баспасөз керек деді. Дін керек, мешіт керек, мектеп керек, медресе керек деді. Соның барлығы осы Қоянды жәрмеңкесінде талқыланды.