Хабар телеарнасы

Қазақстан-Тәжікстан арасындағы ғылыми әріптестік нығая түспек

Қазақстандық ғалымдар тәжікстандық мамандармен бірлесіп, шипалы өсімдіктерден дәрілік препараттар шығармақ. Өйткені Тәжікстан тауларында сирек өсімдіктер өседі. Қос елдің Ұлттық ғылыми академиясының өкілдері осы және өзге де бірлескен тың жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады. «QazBioPharm» Ұлттық Холдингінде өткен басқосуда ынтымақтастықтың бағыт-бағдарын айқындалды. Жалпы Қазақстан мен Тәжікстан ғалымдары Орталық Азия аймағына тән мәселелерді шешуге арналған жобаларды іске асыруға мүдделі.

Атап айтқанда, су басқару ісін жетілдіру, уран өнеркәсібін оңалту, сейсмикалық қауіпсіздіктің мемлекетаралық нормаларын бірлесіп әзірлеу мүмкіндіктері айтылды.

Аралбек Рсалиев, «QazBioPharm» ҰХ» АҚ төрағасының ғылым, коммерцияландыру және өндіріс жөніндегі орынбасары: 
- Аса қауіпті індеттер шекара талғамайтынын соңғы коронавирустық пандемиясы нақты көрсетті. Сондықтан да біз осы бағытта мониторингтік зерттеулерді, жалпы ғылыми-зерттеулерді бірлесіп жүргізуге екіжақты ортақ пікірге келдік.