Хабар телеарнасы

Мектеп оқулықтарының 80% цифрлық форматқа көшірілді

Жаңа оқу маусымының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 14 өңір ғана 100% баспалармен келісімшарт жасасқан. Ал өзге аймақтар жоспардан кешігіп жатқан көрінеді. Тағы бір маңызды жаңалық - мектеп оқулықтарының 80% цифрлық форматқа көшірілді. Осыған орай мектептер жаңа әдіспен білім беретін болады. Жалпы бұл өзгеріске мектептер дайын ба, ата-аналар не дейді?

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 3 өңірде баспалармен әлі келісімшарт жасалмаған. Соның бірі -Түркістан облысы.

Ұлтанбек Нұрлан, Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы: 
- Түркістан облысында баспалармен келісімшарт түзілді. 13 баспадан оқулық сатып алынады деп күтілуде. 2023-2024 оқу жылында оқулықтың 20% жаңарады. Cұраныс бойынша 1,5 млн жуық оқулыққа өтініш берілді. Жаңа оқулық шыққан жоқ, бұл тек қосымша сатып алу болып табылады.

Ал Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында жоспарлы жұмыс енді аяқталған. Ал елорда бойынша мектеп оқулықтарының 15% мазмұны жағынан жаңарту жоспарда.

Жаңылхан Абдрасилова, жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің бас маманы: 
- Жаңа оқу жылында оқулықтардың 15% мазмұны жағынан жаңарту жоспарлануда. Бүгінгі күні 20 баспа мен 805 461 дана оқулықтықтар сатып алу бойынша шарт жасалады. Ол Атамұра, Алматыкітап, Мектеп, Арман ПВ, Express Publishing (EDU Stream), Консалтинг & Тренинг, Сапалы білім, Oxford, Macmillan Education, Астана кітап, Келешек тағы да басқалары.

Биыл еліміздегі 11 баспаға артылған жүк ауыр. Олар кітаптарды басу ісімен ғана емес, цифрлық оқулықтарды әзірлеуге күш салып жатыр. Бүгінге дейін оқулықтардың 80% цифрлық форматқа көшірілген. Ата-аналар мен оқушылар үшін таңдау құқығы сақталады. Және цифрлық оқулық қосымша ретінде қолданылады. Осыған қатысты біз жұртшылықтың пікірін сұраған едік.

БЛИЦ:
- Ата-анаға таңдау құқығын беру керек. Мектеп, оқу-құралдарынан басқа да, қазір деген балалар телефон, интернет, гаджеттен шықпайды ғой.
- Бәрін кітаппен қалдыру қажет. Өте қарсымыз. Ол менің ғана пікірім емес, бүкіл біздің ата-әжілердің, ата-аналардың ой деп санаймын.
-  Планшетпен оқитын болса, мысалы, көзіне зиян келеді. Энергиясының барлығын алып қояды. Мектепке барып ол планшетпен оқиды, үйге келіп, кешке жақын телефонмен отырса, оның барлығы баланың денсаулығына зиян.

Қазір барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы мен видео сабақтар жасалған. Биыл цифрлық оқулықтарды 6 мың 700-ге жуық мектеп пайдаланады. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша оқулықтарды цифрландыру көрсеткіші бастауыш сыныптарда 94%, 5 пен 9 сыныптарда 81%, 10-11 сыныптарда 61% құрайды. Жалпы 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған.

Жауаптылардың айтуынша, цифрлық оқулықтар оқушылардың ойлау көкжиегін кеңейтеді. Кітап негізгі ресурс болса, электронды материалдар қосымша құрал ғана екенін ескертеді.

Авторлары: Диана Қадыр, Таир Мерекенов