Хабар телеарнасы

Ғалымдар: «Эль-Ниньо» құбылысы басталды

«Тілсіз жаудың жиілеуіне климаттың өзгеруі себеп»,- дейді климатологтар. АҚШ-тың Мұхит және атмосфералық зерттеулер басқармасының ғалымдары «Эль-Ниньо» құбылысының ықпалынан 2024 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін деп болжап отыр. Климаттық құбылыс салдарынан Австралияда құрғақшылық орнап, АҚШ-та жауын-шашын жиілейді деген болжам бар. Ал Африкада қуаңшылық күшейе түсуі мүмкін. Science басылымы: «ауа температурасының көтерілуінен әлемдік экономиканың өсімі баяулап, 3 трлн доллар көлемінде шығын келуі мүмкін»,- дейді.

Том Ди Либерто, климатолог:
- «Эль-Ниньо» дауылға ұқсамайды. Яғни көзге анық көрінбейді. Алайда бұл құбылыстың салдарынан АҚШ-тың оңтүстігінде салқын, ылғалды ауа райы орнайды. Ал АҚШ пен Канаданың батысындағы кейбір аймақтар жылы және құрғақ болады. Атлант мұхитында дауыл азайса, Тынық мұхитында тропикалық циклондар күшейеді. «Эль-Ниньо» климаттың өзгеруіне әсер етеді. Яғни 2024 жылы ауа температурасының көтерілуі бойынша рекорд орнауы мүмкін. Бұл болжам. Алайда өткенге зер салсақ, жер бетіндегі ең ыстық кезеңдер «Эль-Ниньо» кезінде болғанын көреміз.