Хабар телеарнасы

Қазақ-қатар қарым-қатынастары жаңа деңгейге көтерілді

Қазақ-қатар қарым-қатынастары жаңа деңгейге көтерілді. Қос елдің үкімет басшылары құны 17,6 млрд доллар болатын инвестициялық жобаларды іске асыруға кірісетінін жеткізді. Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Дохаға барып, осы мәселеге қатысты бірқатар келіссөз жүргізді. Үкіметаралық кездесуде екі мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың орындалу барысы пысықталды. Олжас Бектенов еліміз Қатар нарығында халал және органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл ретте екі елдің кәсіпорындары ынтымақтастық орнатуды бастап та кеткен. Үкімет басшыларының келіссөзінде ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге қол қойылды. Ірі инвестициялық жобалардың ішінде газ өңдеу зауыттарын салу, электр және су электр стансасын тұрғызу жобалары бар. Сондай-ақ бидай, бұршақ және сүтті терең өңдеу зауыттары мен елді газбен қамту салалары да қамтылған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Қазақстан Республикасының Үкіметі барлық бағыттар бойынша жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін айтқым келеді. Жаңа ғана біз биік мәртебелі Әмір мырзамен кездестік. Өте жақсы, жылы кездесу болды және өзіңізбен жаңа ғана осы кездесудің алдында жақсы әңгімелестік. Барлық бағыттарды терең талқыладық деп айтуға болады.