Хабар телеарнасы

«ТҮРКСОЙ» ұйымына 30 жыл

Парижде ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде «ТҮРКСОЙ» ұйымының 30 жылдық мерейтойы атап өтілді. Іс-шарада ұйымға мүше 7 елдің артистері өнер көрсетті. Сондай-ақ Түркісой халық аспаптары оркестрі Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстанның музыкалық мұрасындағы танымал туындыларды орындады. Қазақтың әйгілі «Қара жорғасы» мен Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармасы да назардан тыс қалмады. «Іс-шара аясында түркі елдерінің жаңа мәдени астаналары таныстырылды. Қазақстанда Ақтау қаласында ауқымды іс-шаралар келер жылы жалғасын табады»,— дейді ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Энтони Охеменг. Оның сөзінше, Түрксойдың мерейтойын Парижде атап өту – ұйымның түркі елдерінің мәдени мұрасын дәріптеп, бейбітшілікті нығайтуға қосқан зор үлесін мойындаумен пара-пар. 

Энтони Охеменг-Боама, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары:
-Меніңше бұл ЮНЕСКО ұйымы үшін өте маңызды. Бірнеше ел тоғысқан құрылымның мәдени құндылықтарды дәріптеп, елдер арасында ынтымақтастықты арттырудағы үлесі орасан. Әсіресе біз өмір сүріп жатқан қоғамда ел мен елді, халық пен халықты байланыстырып, руханият пен мәдениетті насихаттау үлкен маңызға ие. 

Саид Юсуф, «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысының орынбасары:
-Білесіздер, «ТҮРКСОЙ» ұйымы әлемге түркі елдерінің мәдениетін паш етуге ұмтылады. Бүгінгі шарада әр елдің құнды мұрасы құнтталып, мәдениет пен руханияттағы өзіндік орны айшықталды. Бұл орайда ұйым әлем халықтарын түркі жұртының дәстүр-мәдениетімен таныстыруға әлде де күш жұмсап, зор үлес қосатынына сенімдіміз.