Хабар телеарнасы

Өзбекстанда той реформасы нәтижесін берді

Осыдан 4 жыл бұрын қабылданған ережені көршіміз біркелкі ұстанып отыр. Үйлену, қыз ұзату және мерейтойлық жиынға шақырылатын қонақтар саны - 200-250 аспайды. Әрі ретсіз шығын, бей-берекет бәсекелестікке ұласқан бірқатар жөн-жоралғы алынып тасталды. Оның орнына мемлекетке пайдалы іс ойлап табылды. 

Ташкент тұрғыны Хабиболла Рахматуллаев қыз ұзатып, алыстағы ағайынмен құда болып жатыр. Үй иесі таң сәріден қазан көтеріп, палау пісірген. Күйеужігіттің әкесі не бауырларымен таныстық түске дейін өрбіп үлгерді. Ендігі кезек - қызды шығарып салу рәсіміне келді. Мұның бәрі күндізгі 3-ке дейін ұласатын үрдіс. Одан кешігуге, көл-көсір дастархан жаюға болмайды. Арнайы ереже бойынша үйлену тойы тек бір күнде өткізілуі шарт.

Хабиболла Рахматуллаев, Ташкент тұрғыны: 
- Бізде үйлену немесе қыз ұзату тойы таң сәріде басталады. Екі жақтың ата-анасы, аға-бауырлары жиналып, таңғы палаудан дәм татамыз. Сол дастарханда үлкендер бата беріп, игі тілектер тілейді. Мұндай салт екі жақта да бар. Біз палау берсек, ертең күйеужігіт жаққа кезек келеді. Бастысы керегін жасаймыз. Артық шығынға өзіміз де бармаймыз.

Көршіміз мұндай біркелкі тәртіпке 2019 жылы бүкіләлемдік пандемия кезінде қол жеткізді. Мемлекет той немесе ас беру кезінде ретсіз шығынға қазір де жол бермейді. Мәселен, бұған дейін шаңырақ көтерген жас жұбайлардың үйіне ата-ана және аға-жеңгейлері көйлек-көншік, дәмді тағам алып, артынып-тартынып баратын үрдіс болған. Бұл жайт қоғамда отбасы институтын бұзып, бей-берекет бәсекелестік тудырған еді. Көрші ел билігі оның орнына ел ішінде саяхаттау тәртібін енгізді. Той реформасы ішкі туризмнің дамуына да пайдасын тигізді.

Гүлнәр Байжанова, журналист, өзбек этнографиясын зерттеуші: 
- Осы ысырапшылдық дегеннен шығады ғой, мысалы, бұларда «шәлара» деген дәстүр бар еді. Қыз күйеуге шыққаннан кейін 3 күн өткен соң ағайын-туыстары, абысындарын алып, бір автобус боп келетін еді. Ол артық нәрсе деп алып тастады. Сосын келін алғаш келін боп түскенде 3 күн айтта, қыздың анасы 60 тәтті тағам алып келеді. Сол бәсекеге ұласып кеткен соң мемлекет араласып, жоқ қылып жатыр. Соның орнына жас келіндер Самарқан, Бұхараны автобус-автобус болып аралайды.

Жалпы Өзбекстанда кез келген отбасылық басқосу жергілікті мәхәллә комитетінің тікелей қатысуымен өтеді. Аудан, ауыл, аумақтың ақсақалдар алқасы сол жердің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады.

Гүлнәр Байжанова, журналист, өзбек этнографиясын зерттеуші: 
- Мәхәллада кері пікір қалыптаспау керек. Осыны жақсы ұстанған өзбек ағайындар. Көршінің бәрімен ассалаумағалейкүм! Өйткені үйіне келетін құдалар көршілерден сұрайды ғой. Сосын жаман атты болмас үшін жақсы тұрады. Мұның бәрі балаларының тағдыры үшін деп ойлаймын. Соны көріп өскен балалар да тәртіпті болады.

Дегенмен жағдайы жетіп, қалтасы көтеріп тұрғандардың сән-салтанатына мемлекет еш кедергі жасап жатқан жоқ. Тек орта деңгейде өмір сүретін жандардың қарызданып, есепсіз шығынға ұшырмауын қадағалайды.

Рауан Мыңбаев, тілші: 
- Демек «той десе қу бас домалайтын» жағдай Өзбекстанда жоқ. Дәстүр-салт белгілеген тәртіп, арнайы реттілікпен орындалып жатыр. Ал шетелден қадірлі қонақ, мәртебелі мейман келгендегі жағдай мүлдем басқаша. Мұндайда өзбек ағайын жолынан жаңылған емес. Кең дастархан жайып, құрақ ұшып күтеді. Қонаққа құрмет қылып, оң қабағын береді.

Авторы: Рауан Мыңбаев