Хабар телеарнасы

Қытайда көшпелі туризм жәрмеңкесі өтіп жатыр

Іс-шара пандемиядан кейінгі кезеңдегі халықаралық туристік байланысты дамытуға бағытталған. Оған әлемнің ең тәжірибелі мамандары қатысып, саланы зерттеп жүрген ғалымдар тартылып отыр. Қөрмеге Қазақстан да қатысып жатыр. Еліміздің туризм саласындағы білікті мамандары тәжірибе алмасып бірқатар өзекті мәселелерді талқылайды. 

Халықаралық жәрмеңке Бейжің ұлттық ауылшаруашылық көрме залында өтіп жатыр. Оған 50-ден астам мемлекет қатысуда. 200-ден астам шетелдік туристік компания өкілдері мен елшіліктер, үкіметтік делегаттар келген. Іс-шарада Қазақстан тарапы негізгі баяндамашылардың бірі. Біздің елден 25 компания қатысуда. Олар әртүрлі өңірден тартылып, еліміздің көрікті жерлері, туристік бағыттары мен қызметтерін ұсынады.

Пандемиядан кейін тур бағыттар тоқтап, туристер легі айтарлықтай азайған. Қытайлық меймандар қатынасы тіпті үзілді деуге болады. Қазір саяхатшыларды тартып жүйені қалыпқа келтіру үшін күш салынып жатыр. Мамандардың айтуынша биылғы жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға келушілер көлемі 45% қалыпқа келтірілді.

Шырын Мусина, қазақ ұлттық туристік компаниясының департамент директоры:
-2019 жылы қытайлық туристер 88 мың болып Қазақстанға келген. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша 40 мыңға жуық қытайлықтар келген. Қазақстан табиғатын, шопингін, сосын гастро туризмді көрсетіп қытайлықтарға барлық мағлұмат, мәліметтерді бердік. 

Осындай шаралардың нәтижесінде туристердің саны екі есеге артады деп күтілуде. Келер жылы Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Бұл жәрмеңке-көрменің біздің ел үшін маңызы зор. Елдің туристік әлеуетін ішкі және халықаралық нарықтарда ілгерілетіп, жауапты кезең алдында дайындықты пысықтап алуға нағыз мүмкіндік.

Ғалия Тоқсейітова, Алматы қалалық туризм басқармасының басшысы:
-Пандемия кезінде Алматыға келетін туристер саны 74% дейін қысқарып кетті. Биылдан бастап нарық біртіндеп қалыпқа келе бастады. 9 айдың қорытындысы бойынша Қытайдан келген 43 мың саяхатшы тіркелді. Енді Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режимнің күшіне енуіне байланысты бұл көрсеткіш артады деген сенім бар. Ал жалпы 2023 жылы Алматы қаласына шетелдерден 500 мың турист келеді деп болжанып отыр.

Жәрмеңкені Қытай тарапы «Бір білдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай ұйымдастырған. Мұнда ұсыныс білдіріп тәжірибе алмасады. Тараптар әсіресе туристік маусым қызған шақта кейбір кедергілерді дер кезінде шешу жайын талқылайды. Сонымен қатар қауіпсіздік, бірлесіп әрекет ету, ынтымақтастық орнату басты мақсат.

Бәрінің көздегені іскерлік байланыс орнатып, шетелдік туристерді мейлінше көп тарту. Кім көбірек қызықтырып, сауатты ұсыныс жасай білсе сол елге туристер ағылады. Сондықтан алдағы екі күнде Қазақстандық сала мамандары барын салады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы