Хабар телеарнасы

Орталық Азия – зор мүмкіндік аймағы. LIVE

Өңір әлемнің алпауыт елдерінің назары ауған, ынтымақтастықты нығайтқысы келетін тартылыс орталығына айналды. Соңғы кездері халықаралық сарапшылар Орталық Азияға осындай түсініктеме беріп жүр. Әріптесім Ердәулет Ыбырайұлы олардың пікірлерін жазып алған болатын. Ердәулет сөз өзіңде.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
-Бүгінде «21 ғасыр – Азия ғасыры» деген пікір халыптасты. Оның ішінде Орталық Азияның орны бір төбе. Айтып тұрғандары Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан мемлекеттері. Бұл елдерде қазір 80 млн-ға жуық халық тұрады. Сыртпен жасайтын тауар айналымы келесі сандарды көрсетуде. Үндістанмен 3 млрд долларға жетті. Ресеймен арадаға сауда 42 млрд, Қытаймен 70 миллиард АҚШ долларын құраған. Ал Еуроодақпен жасаған алыс-беріс 49 миллиард доллар. Олардың біздің өнімге деген сұранысы әлі де артуда. Оның өзіндік себептері бар. Соның бірі өздерінде ауыл шаруашылық тауары өнімділігінің төмендеуі.

Құрманғали Дәркенов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
-Еуропада миграцияның өсуі және халық санының өсуіне байланысты азық-түлікке және сирек металлға деген сұраныс артып отыр. Ауыл шаруашылық дақылдарына назар аудару бұл күн тәртібіндегі басты сұраққа айналады деп ойлаймыз.   

Біздің аймақта мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстардың орасан зор қоры бар. Дей тұрғанмен Орталық Азия елдері өздерінің экономикалық даму үлгісін жаңа сын-қатерлерге бейімдеп, тұрақты даму моделін іздеуді жалғастыруда.

Ержан Салтыбаев, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры:
-Орталық Азия мемлекеттері өздерінің мүмкіндіктерін, әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқ. Бұл елдер бір-бірімен байланысын стратегиялық келісімшарттар шеңберінде заңдастырған. Ынтымақтастықты алға жылжытуға бізде заңдық, экономикалық тұрғыда барлық мүмкіндік бар. Енді соларды алға жылжыту керек. Себебі бұл бәріміз үшін маңызды.  

Тәжікстандағы кездесуде экономикалық, саяси сұрақтар күн тәртібінде бірінші айтылғанымен су тапшылығы мәселесі негізгі тақырып. Сарапшылар айтқандай мол өнім, қомақты табыс табуды қаласақ алдымен тап осы судың сұрағын шешіп алу керек. Бұл тек бізге емес судың басында отырған елдер үшінде маңызды.  

Құрманғали Дәркенов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
-Ауылшаруашылық өнімдерінің көп өндірілуі және сұранысты толық қамтамасыз етуі біздер үшін де, Орталық Азия елдері үшін де тиімді. Тәжікстан да, Қырғызстан да енді суды бізге жіберуге мүдделі болуы тиіс деп ойлаймыз.  Су мәселесін шешу арқылы өнімді арттыру және жаңа өнім түрлерін арттыруға мүмкіндіктер туады.  

Орталық Азияның тағы бір артықшылығы халықаралық көлік бағыттарының қиылысы ретінде стратегиялық маңызға ие. Қолайлы темір жол мен тас жол яғни инфрақұрылымның болуыда бізге деген қызығушылықты арттыруда. Оған қоса аймақтағы саяси тұрақтылық, еңбек күшінің жеткілікті болуы біздің ұпайымызды толықтыра түседі. Соданда болар тек соңғы бір жылдың көлемінде Орталық Азия – Қытай саммиті, Орталық Азия – Ресей саммиті, «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» форумы өтті. Одан кейінгі кезеңнің өзінде Орталық Азия елдерінің басшылары өзара бірнеше реттен кездесті.