Хабар телеарнасы

Түркияда көне ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды

Анадолы жерінде ғасырлар бойы тұрған нысандар өте көп. Олардың тарихи келбетін сақтап қалу маңызды. 

Түркия жері тарихи ғимараттарға толы. Әрі олардың дені сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Елде «қалалық трансформация» бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында соңғы 20 жылдың ішінде 3 млн 300 мың көне нысан реставрациядан өткен, кейбіреуі қайта салынған.

Мурат Курум, қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі: 
- Бірінші кезекте апаттық аймақтағы 11 провинцияның үйлерін тұрғызамыз. Сосын Ыстамбұлдағы үйлерді қалалық трансформация бағдарламасы аясында қолға аламыз. Осы айдың 22 күні президентіміз 500 мың Анадолы, 500 мыңы Еуропа жағындағы үйлердің құрылысы жөнінде жақсы жаңалық айтады. Резервтік үйлер тұрғызамыз.

Өткенде ғана Ыстамбұлдың Кадикөй ауданында 5 қабатты ғимараттың құлауы шахардағы тұрғын үй құрылыс мәселесін қайта қарауға әкелді. Қаладағы 3500 нысанның қауіпсіздігі назарға алынды.

Жойқын жер сілкінісінен кейін Ыстамбұлдағы табиғи апаттарға төтеп бере алмайтын ғимараттарды қауіпсіз аймаққа көшіру бойынша жоспар бекіді. Себебі зілзала тіркелген жағдайда көне шаһардағы нысандардың бір бөлігі қирауы мүмкін. Бұл мәселені ел президенті көтерді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті: 
- Біз барлық қауіп факторын жою үшін Ыстамбұлдың 39 ауданынын қамтитын карта дайындадық. Бүгінде Ыстамбұлда шамамен 1 млн 200 мың ғимарат пен 5 млн 900 мың пәтер бар. 220 мың ғимарат пен шамамен 1 млн 500 мың пәтерге қауіп төніп тұрғанын көрдік. 

Апаттық жағдайдағы үйді жөндеу немесе қайта салу бойынша қаржының бір бөлігі үкіметтен, қалғанын үй иесі төлейді. Оларға жеңілдетілген несие қарастырылған. Дегенмен үйдің құны мен жалға алу кейбір тұрғындардың қалтасына ауыр тиіп жатыр. Ыстамбұлдың Авжылар ауданының белсенділері осы мәселеге үкіметтің назар аударуын талап етіп, шеру ұйымдастырды.

Авторы: Меруерт Қанағат