Хабар телеарнасы

Сирияның жер сілкінісінен зардап шеккен қалаларындағы жағдай әлі де ауыр

Сарапшылар: «Бұл ел үлкен гуманитарлық дағдарысқа тап болуы ықтимал», – дейді. Тек Алеппоның өзінде 10 мыңға жуық адам үй-күйсіз қалған. Олардың тағдыры қазір толығымен халықаралық көмекке байланысты. 

Алеппо – Дамаскіден кейін Сирияның үлкен қалаларының бірі. Азаматтық соғысқа дейін мұнда халық саны 1 млн-нан асатын. Алайда соңғы 12 жылда тұрғындар едәуір азайды. Себебі сириялықтардың көбі босқын боп сыртта жүр. Соғыстан көз ашпайтын Алеппоның бірнеше ауданы бұған дейін де жермен жексен болған еді. Енді міне, жер сілкінісі жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Ең қиыны, мұнда зілзаланың өткеніне 1 апта болса да, үйлер үйінді күйінде әлі жатыр. Бұл нысандар 40 жыл бұрын салынған.

Саид Бадауи, инженер:  
- Жер сілкінісінің негізгі соққысы түнгі сағат 2-де болды. Небәрі 2 минутқа созылған зілзала осы маңайдағы үйлердің тас-талқанын шығарды. Мәселен, мына 6 қабатты ғимараттың сау жері қалған жоқ. Тұрғындар ұйқыда жатып, мерт болды. Аман қалғандары қазір дала кезіп жүр. Себебі тұратын жер жоқ. Сырттан келіп жатқан көмек болмаса, олардың жағдайын елестетудің өзі қиын.

Ресми мәліметке сенсек, қазір бір ғана Алеппо қаласының өзінде жер сілкінісінің салдарынан 10 мыңдай адам баспанасыз қалған. Олар қазір көшеде қонуға мәжбүр. Ал түн суық. Мамандар: «Енді аштық пен аяз түрлі ауру-сырқауға себеп бола ма», – деп алаңдайды.

Бадар Насиф, Алеппо провинциясы әкімшілігінің бас инженері:
- Біз зілзаладан зардап шеккен аумақтардағы тұрғындарды көшірудің жоспарын жасадық. Десе де бұл оңай шаруа емес. Себебі баспанасынан айрылғандар өте көп. Осы тұста бізге көмектесіп жатқан халықаралық ұйымдар мен түрлі мемлекеттерге алғыс айтамыз.

Иә, соғыстан әбден әлсіреген Сирия үкіметі бұл қиыншылықты өз күшімен еңсеруге шамасы келмейтінін мойындап отыр. Сол себепті де сырт елдерге үміт артады. Әзірге Қазақстаннан бөлек мұнда бірнеше араб мемлекеті мен Ресей, Иран және Қытайдан жәрдем жеткен.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Григорий Беденко, Радик Джакупов, Берик Шарав