Хабар телеарнасы

Украинада жылжымайтын мүлік нарығы тоқырады

Ал, жер учаскесін сатып алу тіпті 84 процентке азайған. Жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша реестр ашылғанымен, тұрғындар инвестиция құюға құлықты емес.

Татьяна ақпан айының аяғына қарай Киевтен бір бөлмелі пәтер сатып алуды көздеп жүрген-ді. Алайда бұл жоспарының күл-талқаны шықты. Енді Киевтегі жағдай біршама тынышталғанымен, пәтер сатып алу мәселесін қарулы қақтығыс толық аяқталмайынша тоқтатып қойды. Бұл - бір тұрғынның ғана емес, бүкіл Киевтегі баспана нарығындағы қазіргі ахуал. Биыл елде тұрғын үй сатылымы былтырғы жылмен салыстырғанда сегіз есе төмендеген.

Татьяна, Киев қаласының тұрғыны:
Доллардың шарықтап кеткені белгілі. 45 мың доллар тұратын пәтерді қазір гривнаға шаққанда екі есе артық төлеп, сатып алуға тура келеді. Мұндай ақша біріншіден жоқ әрі ертең не болары белгісіз.

Евгения, Киев қаласының тұрғыны:
Қала тұрғындары пәтер емес қыста отынмен жылытуға мүмкіндігі бар жер үйлерге көшіп жатыр. Сондықтан пәтер сатып алуды ешкім ойламайды. Бір жағынан қорқыныш басым, өйткені Киевке төніп тұрған қатер әлі де сейілген жоқ. Пәтерді бар ақшаңа сатып алып, ертең эвакуация бола қалса қайтеміз?

Жылжымайтын мүліктің бастапқы нарығында ахуал тіпті нашар. Сарапшылар жыл соңына дейін құрылыс компанияларының шамамен 30% банкротқа ұшырауы мүмкін дейді. Бұл дегеніміз, әр үшінші құрылыс компаниясының экономикалық қиындықты еңсеруге қауқары жоқ. Украинаның Экономикалық даму институтының директоры Александр Гончаровтың айтуынша, Киевте тұрғын үй бағасы 50 процентке арзандаған. Мұндай құлдырау тіпті 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезінде де тіркелмеген.

Назар, риелтор:
Украинадан 7 млн адам көшіп кеткені белгілі. Олар жағдай толық тұрақталмайынша елге қайтып келмейді. Жалпы, осындай қиын кезеңде үлкен қаражатты белгісіз нысанға ешкім құя салмайды. 

Жақын арада жаңа нысандардың құрылысын жалғастыру, аяқтау және толығымен іске қосу Киевте жоспарланып отырған жоқ. Ал 80 проценті салынған жаңа нысандардың құрылысы тұралап тұр. Үкімет соғыс салдарынан үй-жайынан мүлдем айырылған ел тұрғындары үшін 1 қазаннан бастап тұрғын үй сатып алуға 3-7 пайыздық несие беру бойынша ипотекалық бағдарламаны бастауды жоспарлап отыр.

Авторы: Аида Қыдырбай