Хабар телеарнасы

«Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясы көрерменге жол тартты

«Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясы көрерменге жол тартты

«Хабар» Агенттігі «Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясының тұсаукесерін өткізді. Қоғамда үлкен резонанс туғызған өзекті тақырыптарды қозғайтын жаңа телетуындының алдын ала көрсетілімі Алматы қаласында өтті.

Телехикаяда зорлық-зомбылық, сәби саудасы секілді заңсыз әрекеттер көрініс тапқан. Әсіресе кейінгі кезде қоғамда қызу талқыланып жүрген бала саудасы жайлы мәселе ойлануға түрткі болатындай шынайы сипатта суреттелген.  Тың туынды сәбилерді сатып байымақ болған қылмыскерлер мен ана бақытын сатып алмақ болған жандардың ар алдындағы жазасын көрсетеді.

«Жаңбырлы ғұмыр» драмасының сценариін жазған Нұржігіт Хайдар. Режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері – Әйгерім Қалмұратова.

- «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Жаңбырлы ғұмырда» көтерілген өзекті мәселелер ешкімді бейжай қалдырмайды. Драма жанрындағы тың туынды шынайы оқиғаға негізделген. Бастапқыда сериалдың аты бірнеше рет ауысты: «Бір күн»,  «Жаза» сияқты нұсқалар болды. Телесериалға жүрек елжіретер ерекше саундтрек жазылды. Композитор Ұлықпан Жолдасовтың әнін танымал жас әнші Әділбек Байтанат орындады. Түсірілім алаңында 200-ден астам адам еңбек етті. Кәсіби актерлерден бөлек, өрт сөндірушілер, медбикелер, тәртіп сақшылары да жұмылдырылды. Тіпті «Бүркіт» жасағы да шақырылды, - деп жеткізді продюсер.

Басты рөлдерді Индира Құлмағанбетова, Азамат Шарғынов, Асылбек Боранбай, Ерболат Әлқожаев, Жандос Сейдалин сомдады.  

Жаңа туынды 21-ақпаннан бастап көрерменге жол тартады. 15 бөлімнен тұратын телехикая дүйсенбі мен бейсенбі күндері аралығында сағат 22:45-те «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.