Хабар телеарнасы

Шытырман оқиғаға толы «Қарасу» телехикаясы көрермен назарына ұсынылды

Күшті мен әлсізді, жақсы мен жаманды қатар суреттейтін «Қарасу» телехикаясы «Хабар» арнасында. Шытырман оқиғаға толы жобаның алғашқы бөлімі көрермен назарына ұсынылды. Ұзақ жыл үзілістен кейін әкесін тапқан Айдардың алдағы тағдыры қалай болмақ? Жас адковат күштіге қарсы тұрып, әлсізге көмектесе ала ма?

«Хабар» арнасында тұсауы кесілген «Қарасу» телехикаясы Айдар есімді жас адвокаттың әкесі Бектемірмен қайта табысуынан басталды. Ауқатты ақсақал бар мүлкін жалғыз ұлына мұра етпек. Алайда өзгенің байлығына көз алартқандар әке мен баланың тағдырын тас-талқан етуі мүмкін. Осылай басталған сериал қоғамдағы күшті мен әлсіз арасындағы түйткілді көрсетеді.

Нұрлан Сағынай, актёр:
-Әлдінің әлсізге тіс батыруы, болмаса берсе қолынан, бермесе жолынан деген сияқты басымыздан осы 30 жылдың ішінде тағдырлар өтті ғой. Сондай бір кезеңдерді суреттейтін телесериал. Мен сол жерде Дәуқара деген кейіпкерді сомдаймын. Енді ол Дәуқара деген кішкене ақылы аздау, бірақ ұрып-соқ тапсырма береді. Осы жолы соны орындайтын кейіпкерді сомдадым. 

Алматы облысында 2 ай түсірілген телехикая отбасы тәрбиесі мен қоғамның тығыз байланысын көрсетеді. Оқиға Бектемір әулеті мен Қамысбек атты байдың арасындағы жер дауынан басталып, шешімі жоқ шытырманға айналады. Драмалық хикаяда атыс-шабыс бар, махаббат та қамтылады.

Мұрат Бидосов, режиссёр:
-Негізінде қоғам неден басталады. Отбасыдан. Бұрын енді сондай қағида болған. Отбасында қандай тәлім-тәрбие көрсең, қоғамда соны көрсетесің. Отбасының құндылығын көрсетуге тырыстық. Баршылықта да, таршылықта да адамның қасынан табылатын оның отбасы.

«Қарасу» телехикаясы дүйсенбі-жұма аралығында сағат 21:45-те көрсетіледі. Қаладан келген адвокаттың ауылдағы тағдыры туралы білгіңіз келсе «Хабар» арнасы қосулы болсын.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон, Сұлтан Бейсекенов