Хабар телеарнасы

«Қазына» деректі тележобасының тұсаукесері өтті

«Қазына» деректі тележобасының тұсаукесері өтті

Астанада қазақтың асыл қазынасы – домбыра аспабы туралы түсірілген «Қазына» деректі тележобасының тұсаукесері өтті.

Жаңа телевизиялық жоба халқымыздың алтын мұрасы, құнды байлығы - домбыраны насихаттауға арналады. Қасиетті қара домбыра мәдениетіміздің негізгі символдарының бірі әрі ұлттық аспап ретінде халқымызбен бірге аталады. Құдіретті қос ішектің үнінде ұлы даланың жыры, бабалардың сыры сақталған.

«Қазына» деректі тележобасынның басты мақсаты – домбыраны кеңінен дәріптеу. Қазақтың күй өнерін дамытқан мектептер мен есімі қазақ музыка тарихына алтын әріппен жазылған дәулескер күйшілер мен олардың бай мұрасын халық санасында жаңғырту, өскелең ұрпақты өткенімен рухани байланыстыру.

Жобаның алғашқы кезеңінде көрермен Жетісу, Арқа, Шығыс Қазақстан, Сыр, Қаратау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау өңірлері күй мектептерінің музыкалық ерекшелігіне қанығады. Жоба авторы – белгілі режиссер Бейбітжан Мүслімов.

Тағылымы мол тың жобаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Хабар» Агенттігі ұсынды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы домбыраның қадір-қасиетін насихаттап, өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді өте маңызды міндет деп атағанын, елімізде жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтетініне тоқталды. Осы орайда «Қазына» тележобасы қоғамның мәдени және рухани танымға деген сұранысын өтеуге өз үлесін қосады деген сенімін білдірді:

- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды. Біз оны жан-жақты дәріптей береміз” деп айтқандай, биыл жыл басын ұлттық құндылығымызды ұлықтауға бағытталған жобамызбен бастамақпыз. Ұлттық сана, ұлтты сүю, қадірлеу бабаларымыз аманат етіп кеткен дәстүрден, өнерден бастау алады. Қасиетті домбырамызды оның шанағынан шыққан киелі өнеріміз – құдіретті күй мен әсем әндерімізді насихаттау, келешек ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз деп білемін, - деді министр. 

Жаңа бастаманы еліміздің зиялы қауымы, дәстүрлі музыка өкілдері жоғары бағалап, қолдау білдірді.

«Қазына» - «Хабар» Агенттігі биылғы телемаусымда көрерменге ұсынып отырған түрлі жанрдағы жобалардың бірі де бірегейі. Рухани құндылығы зор жаңа туынды 2024 жылғы 20-қаңтардан бастап «Хабар» телеарнасынан көрсетіле бастайды.