Хабар телеарнасы

«Хабарға» 28 жыл: Агенттіктің жұмысы қалай басталып еді?

Қазақстандағы ең танымал телевизиялық бренд және отандық телехабар таратудың танымал көшбасшысына айналған «Хабар» Агенттігінің» құрылғанына биыл — 28 жыл. Осы уақыт ішінде қаншама жаңалық, деректі фильм, қоғамдық-саяси, танымдық, ойын-сауық бағдарлама шықты. Агенттіктің жұмысы қалай басталып еді?

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары отандық телевизияда тың серпіліс болды. Тың ойлар, түрен салған туындылар пайда болды. Алдымен «ақпараттық агенттік» ретінде ашылып, кейін Қазақстан арнасынан жеке отау құрып шыққан телекомпания көпшілік көкейіндегіні дөп басты. Салмағы мен сапасы қатар жүрген арнаның өзіндік бет-бейнесі қалыптасты.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Сол кездері зейнетақыға байланысты реформасының өзгерістерінің болуына, өзінің тікелей әсері болған репортаждарым болды Сол дербес зейнетақының көлемін кішкене қатарластырғанбыз. Хабардың ең алғашқы күнінен бастап, тік ең мықты арна болуына дейінгі кезеңде жұмыс істей алдық. «Ұлыбритания ханзадасы Чарльз келе жатыр, сен соны қарсы алу құрметіне ие боласың. Аэропорттан қарсы аласың, журналист ретінде», — деп. Өте керемет әсерде болып, барып 2-3 жалақымдай болатын пальтоны Алматы қаласындағы шетелдік дүкеннен сатып алғаным есімде.

Әріптестеріміздің арасында кәсіби міндетін орындау кезінде аяғынан, енді бірде есту қабілетінен айырылғандары да бар. Бұл келеңсіз жайттар Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыстан материал әзірлеу кезінде орын алған болатын.

Махат Садық, журналист:
-95-жылдары біз Лондонға бардық. Біз құрыла салып, ББС-ге тәжірибеден өттік. Қазірге дейін айтар едім, хабардың операторлары түсіретін бейнелер, сол ББС стандартынан қалыптасты. 28 жыл бұрынғы оқиғада «Хабар» мемлекеттік мүддені қорғап, қазақстандықтарды Қазақстан жаңалықтарын қарауға алып келсе, қазіргі кезде де сондай кезең келіп тұр.

«Хабар» 1996 жылы ғарыштан да эфирге шықты. Талғат Мұсабаевтың орындауындағы «Көзімнің қарасы» әні көзі қарақты көрерменнің әлі есінде.

Еділ Ермекбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ бөлім басшысы:
-Алғаш бастағанда техникалық жағынан қиындау. Түсірілген нәрсемізді поездбен, болмаса самолетпен, болмаса каталка арқылы жіберіп отыруға мәжбүр болдық. Қазір интернеттің арқасында жылдам, сапалы ақпарат беруге мүмкіндік бар. Шешен соғысын түсіруге барған, Ауғанстан таулы Бадақшымында болдым. Душанбеде Азаматтық соғыс кезінде. Қызықты да, адреналин алып тұратын түсірілімдер болып тұрады.

«Хабар» Агенттігі» құрамында қазір «Хабар», тәулік бойы жаңалық тарататын «Хабар 24», жастарға арналған «EL ARNA» жұмыс істейді. Ал биылғы жаңа маусымда бір «Хабар» телеарнасының өзі 7 жобаны таныстырды. Сондай-ақ көрермен тарапынан ерекше сұранысқа ие болған 22 жоба жалғасатын болды. Біздің ұжым сіздерді тың жобалар, көңілді бағдарламалармен қуантуға әзір.

Авторлары: Диана Қадыр, Аян Сарсенбаев