Хабар телеарнасы

А. Сейітхановты еске алуға арналған деректі фильмнің түсірілімі аяқталды

«Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша «Ақпарат саласының үздігі» Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, қазақ спортының қайрағы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған деректі фильмнің түсірілімі аяқталды. Фильм «Жеңісті күндерде жүздескенше!» деп аталады. Бұл  Амангелді ағаның ел арасында танымал болған тұрақты сөз тіркестерінің бірі. Шығармашылық ұжым түсірілім жұмыстарын тұлғаның туған жері - Абай облысы Мақаншы ауылында бастаған. Деректі фильм ойдың сүбелісін жеткізіп, астары өткір әзілмен түйрейтін кәсіби комментатордың балалық шағынан бастап өнегелі өмірін сипаттайды.  

Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы: 
- Финалдық ойындарда айтатыны бар ғой «Бір голдың болатыны сөзсіЗ бүгін, Бірақ қай минутта екенін айта алмаймын» деп. Ақындығы да бар ғой, арқасы қозып, сонда бір керемет жүргізетін. Сондай бір әзіл-қалжыңмен көрерменді өзіне елтіп алатын. Содан кейін халық оны жақсы көретін. Біз ол кісіні жадымыздан шығармаймыз. Осы деректі фильм рухын шат қылсын.

«Алаштың Аманы» атанған әріптес ағамыз 1969 жылы 11 мамырда дүниеге келген. Ол атасы мен әжесінің қолында өскен. Сегізінші сыныпта-ақ «Ұлан» газетінің Мақаншы өңіріндегі меншікті тілшісі болған. Тіпті сол кездері жергілікті радиодан спорт жаңалықтарын жүргізген. 1997 жылдан бастап «Хабар» Агенттігінде қызмет атқарған. Оның суырып салма ақындығы да бар еді. Сонау жылдары айтыс аламанынан да табылған.

Айта кетейік, деректі фильм тамыз айында эфирге жол тартады. Тұлғаның қамшының сабындай ғұмырында қазақ журналистикасына салған олжасы, сіңірген еңбегі мәңгі есімізде.

Масғұт Темірбеков, Амангелді Сейітхановтің ағасы: 
- Менің ол туған інім болып есептелді. Мен Амангелдінің 3 жасында солдаттан келдім. Сонда ол ешкімнің көкесі емес, менің көкем деп мойныма мінді. Содан бері ол көкеден жазған жоқ. Өзі о дүниелік болғанша құрметтеді.