Хабар телеарнасы

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні - 2023

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні - 2023

Елімізде 28 маусым күні БАҚ қызметкерлері күні аталып өтеді. Биылғы мереке қалай өтті? Несімен есте қалды?

Президенттен пәтер алдық

ҚР Президентінің тікелей тапсырмасымен БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында 65 әріптесіміз - журналистер, монтажерлер, операторлар мен басқа да мамандар баспаналы болды. Олардың қатарында «Хабар» Агенттігінің 25 қызметкері де бар.

Өткенді еске алдық

БАҚ қызметкерлері күніне орай ҚР Ұлттық музейінде «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» деген атаумен көрме ашылды. Көрме қазақ баспасөзі, радиожурналистика мен қазақ телевизиясына арналған үш бөлімнен тұрады. Қазақ телевизиясына арналған бөлімде «Хабардың» экспонаттары да тұр. Көрмені бір ай бойы тамашалауға болады.

Құрбан шалдық

Биыл Құрбан айт мерекесі БАҚ қызметкерлері күнімен қатар келгендіктен Астана қаласы маңындағы «BalQaragai» демалыс аймағында ұжым атынан құрбандық шалынды. «Хабар» Агенттігінде қызмет еткен марқұмдардың рухына бағышталып Құран оқылды.

Тимбилдинг ұйымдастырдық

«BalQaragai» демалыс аймағында ұйымдастырылған тимбилдинг әріптестер арасындағы түрлі спорттық және зияткерлік ойындармен өрнектелді. Ашық аспан астындағы «Кім жылдам?», «Оққағар», «Қағаз ақша», «Гладиатор», «Розетка», «Баскетбол», «Пирамида» сияқты ойындар тартысты әрі қызықты өтіп, сайыс жеңімпаздарын марапатталды.

Сонымен қатар, лоторея өткізіліп, түрлі бағалы сыйлықтар ойнатылды. «Хабар 24» телеарнасының шығарушы редакторы Кенже Кәрібаеваға бас бәйге бұйырып, «Rixos Borovoe» шипажайының сертификатын жеңіп алды. Ал кадр бөлімінің жетекші маманы Гүлмира Сәуірбаева лотореяның екінші супер сыйлығы - фитнес залға бір жылдық абонемент ұтып алды.

 

Спортта жеңдік

БАҚ қызметкерлері күніне орай Қазақстан теннис федерациясының Алматыда өткізген BAQ OPEN дәстүрлі турнирінде 2 әріптесіміз тамаша нәтиже көрсетті.

Қыздар арасындағы жарыста «Хабар 24» арнасының журналисті Айгерім Асылбаева үздік атанып, осымен екінші рет алтыннан алқа тақты. Ал ерлер арасындағы «Мастерс» санатында «Хабар» арнасының журналисті Талғат Қалиақпаров 3-орынды иемденіп, жүлдегерлер қатарынан табылды.

Марапат алып марқайдық

«Хабар 24» телеарнасының тілшісі, «President» бағдарламасының жүргізушісі Әділ Балтабаев ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантын иеленді. Сондай ақ, «Хабар 24» телеарнасының Түркістан облысындағы аға меншікті тілшісі Жандос Жұмабек ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі «Хабар» телеарнасының Өндірістік бағдарламалар бөлімінің бастығы Мадина Меделқановаға, «Хабар 24» телеарнасының Қарағандыдағы аға меншікті тілшісі Ардақ Қабыхановқа, «Хабар телеарнасының» «Ұйқым келмейді» бағдарламасының продюссері Әсел Ергешқызына, «АйнаLine» бағдарламасының жүргізуші Нұрбигүл Егізоваға және Техникалық дирекцияның телеоператоры Айдос Меделбековке берілді.

Бұдан бөлек, қажырлы еңбектерімен ерекше көзге түсіп жүрген Агенттіктің жүздеген қызметкері түрлі деңгейдегі дипломдармен, алғыс хаттармен және арнайы жүлделермен марапатталды.

Ұжым жұмысына жоғары баға берілді

БАҚ қызметкерлері күніне орай “Хабар” Агенттігі ұйымдастырған мерекелік іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі арнайы келіп құттықтады. Министр өз сөзінде «ХАБАР» - ЕЛІМІЗДІҢ БАСТЫ БРЕНДІНІҢ БІРІ» деген баға берді.