Хабар телеарнасы

Биыл қыстың қаһары қатты болады

Теріскейде бірнеше күннен бері ауаның температурасы -26 градусты көрсетіп тұр. Қаһарына мінген аяздың беті қайтар емес. Керісінше, синоптиктер нағыз үскірік аяз алдағы демалыс күндері болады деген болжам жасап отыр. Өйткені елімізге Батыс Сібірдің солтүстік аудандарынан суық антициклон ығыспақ. Салдарынан сынап бағанасы 35 градусқа дейін төмендейді.

Шығыс Қазақстан облысында да сары аяз сақылдап тұр. Соңғы бір аптада жауған қардың қалыңдығы 40 сантиметрге жетті. Коммуналдық мекемелер қала көшелерін тазалап үлгермей жатыр. Облыстағы солтүстік аудандар мен Өскемен қаласында аяздың күші 34 градусқа дейін жетті.

Аяулы  Мусина, «Қазгидромет» орталығының бөлім басшысы

-Антициклонға байланысты облысымыздың кейбір аймақтарында алдағы 17-18 түнде бізде минималды температура күтілуде. Ол -32, -37 градусқа дейін төмендейді.

Көктайғақ пен аяздың кесірінен қоғамдық көліктер де дұрыс қатынамайды. Өскеменде былтырдан бастап жылы аялдамалар салу жоспарланған еді. Әзірше бүкіл қала бойынша біреуі ғана іске қосылған.

Ғалым Байзолдин, қала тұрғыны

-Автобус үнемі жүріп тұрмайды. Сондықтан көп уақыт тосып қаламыз. Сондай кезде жылынып тұрғанға қандай жақсы.

Ал Ертіс өңірінде соңғы екі тәулікте 100-ге жуық адам аяздан құтқарылды. Кеше түнде «Омбы-Майқапшағай» жолының бойында екі автобус бұзылып қалған. Абырой болғанда мамандар оқиға орнына дереу жетіп, жолаушыларды жылыту пункттеріне орналастырды. 

Асқарбек Омаров, ТЖД Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі басқармасының басшысы

-Бүгінгі түнде 63 адам тасжолдан құтқарылған болатын. Бір автобус Қашыр ауданында сынып қалып, одан 35 адам құтқарылды және біреуі Успен ауданы Лозовое ауылында тоқтап қалған еді. Одан 28 адам құтқарылып, жылы жерлерге апарылған.

Ал Ақмола облысында өткен түнде 10 шақты жүк көлігінің жүргізушілері құтқарылды. Олардың арасында шетел азаматтары да бар. Темір тұлпарларының дизель отыны аяздың салдарынан қатып қалған. 

Талғат Смағұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры

-Ақмола облысының жолдарында қазір 150 техника жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, аймақ бойынша 15 жылыну бекеттері тағы бар.

Биыл ел аумағы бойынша қыстың қаһары қатты. Алдын ала таратылған дабылды хабарламаларға дер кезінде құлақ асып, боранды, аязды күндері жолға шықпаған абзал.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Олжас Керейхан, Самат Қайырденұлы, Ақмарал Есімханова, Дамир Берікұлы