Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы төтенше жағдай: өңірдегі ахуал қандай?

Жамбыл облысындағы Қордай мен Шу аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Желдің екпіні секундына 45 метрге жетті. 11 жолаушылар пойызы тоқтап қалды. Жамбыл облысында 4 ауданның 32 елді мекенінде 9 мыңға жуық абонент электр қуатынан ажыратылған. Республикалық маңызды жолдар кешелі бері жабық болатын. Алматы – Ташкент тас жолының Қордай аумағындағы бөлігі тазаланып, көлік ағыны жіберіле бастады. 

Қарлы боран, үскірік аяз, түк көрінбейтін тас жол. Бұл 3 күннен бергі жағдай. Екі күнде құқарушылар жолда қалған 5 мыңға жуық жолаушыға жәрдем жасаған. Олардың 181-і бала. Ал үсік шалған 3 жолаушы ауруханаға жатқызылды.

Ал кестеден кешіккен жолаушылар пойызы біртіндеп жүргізіле бастады. Аймақта қосымша 9 жылыту пунктері ұйымдастырылып жатыр.

Нұржан Календеров, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- Қазіргі таңда 6 жылу пунктінде 1883 адам келіп орналастырылды. Барлық бірінші көмекті алды. Арнайы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Өкінішке орай бүгінде жүргізушілер жолдағы блок бекеттерді айналып өтуге тырысқан жағдайлар анықталуда. Соңғы екі сағатта ішінде құтқарушылардың күшімен 100 астам адам 48 жеңіл автокөлік эвокуацияланды. Құтқару жұмыстары қазіргі таңда жалғасуда.