Хабар телеарнасы

Құрманбаев Абдолла (1921-1996 жж.)

Құрманбаев Абдолла (1921-1996 жж.)

Менің әкем Құрманбаев Абдолла 21 жасында, 1942 жылы қазан айында Талас аудандық коммисариатынан әскерге аттанған. 24 армия құрамындағы 126 атқыштар полкінің қатарында, Нарва қаласы үшін болған шайқаста, ерлік көрсетіп, «Ұлы Отан соғысының II дәрежелі» орденімен марапатталған, №818443. «Сол айқаста оң аяғынан, басынан жарақат алды», – дейді әкесі жайлы естеліктерінде Исламбек Абдоллаұлы.

1944 жылы 12 наурыз күні қызыл армия жауынгерлері Нарва өзенінің жау орналасқан бетіне өтпекші болады, сол қиян-кескі ұрыста, аға сержант Құрманбаев Абдолланың бөлімшесі борап тұрған оқтың астынан Нарва өзенін жүзіп өтіп, қарсы кездескен фашистерді жойып, жау күштері орналасқан қарсы беттен шабуылға ыңғайлы плацдармға орналасып, Совет әскерлерінің өзеннен өтуін қамтамасыз етті. Таң ата басталған ұрыс ертесіне күн батқанша жалғасты. Аға сержант Құрманбаев Абдолланың бөлімшесі орналасқан плацдармды жау күштері қатты соққыға алды.

«Әкем снаряд жарықшағынан басынан және аяғынан жараланып, топыраққа көміліп қалды. Ұрыс аяқталған соң жаралылар мен өлген жауынгерлерді теріп өткенде  есін жиып, бар күш-жігерін жинап, мылтығын жоғары қаратып, аспанға атты. Сөйтіп, олар мылтықтың дыбысын естіп, әкемді топырақтан аршып алды. Содан әкем 98 күн бойы ес-түссіз госпитальде жатыпты. Сол кездегі госпиталь қызметкерлерінің арқасында аман қалыпты»,– дейді әкесі жайлы естеліктерінде Исламбек Абдоллаұлы.

Соғыстан кейін өзінің туған жеріне оралып, ауыл шаруашылығымен айналысты. Күләтай Өмірбайқызымен отбасын құрып, төрт перзентті болды.

Авторы: ұлы Исламбек Абдоллаұлы