Хабар телеарнасы

Бердәулетов Камал Әбдірашидұлы

Бердәулетов Камал Әбдірашидұлы

Бердәулетов Камал Әбдірашидұлы алапат соғыс басталғанда небәрі 17-ге енді толған балаң жігіт болатын.

Әкесі Бердәулетов Әбдірашит репрессияға ұшырап, 1937 жылы атылып кеткенде отбасының үлкені ретінде анасы мен үш бауырына бас-көз болып жүрген ол 1942 жылдың маусымында артына қарайлай өз қалауымен Отан қорғауға аттанды.

Біраз дайындықтан соң соғысқа кіріп, Ржев, Смоленск, Великие Луки қалаларын азат етуге қатысты. Екі рет жараланып, госпитальдан шығып қайта қатарға қосылса, үшіншісінде жарамсыз деп елге қайтарылды. Бірнеше жауынгерлік медальмен марапатталды.

Елге оралған соң бейбіт өмірге араласып, ауыл шаруашылығы саласында бірқатар қызмет атқарды.

Әкеміздің қажыр-қайраты, іскерлік қабілеті тың жерден, елсіз Қызылқұмның ортасынан орын тепкен «Аққыр» совхозын өз қолымен құрып, ауыр бейнетін бастан өткізіп, он жыл абыроймен басшылық жасаған тұста жарқырап көзге көрінді.

Совхоз орталығы жасыл желекке бөленді, қала типтес көшелер орнады. Совхозда қой саны өсті. Жайылымдарды суландырып, қоғамдық малды орналастыруға негіз жасалды. Совхоз экономикасы, мәдениеті артты. Тұрғындардың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлары жасалды. Құмдағы оазиске айналған ауылдың тұрғындары Камал Бердәулетовтің ерен еңбегін әлі күнге аңыз қылып айтып жүр.

Кейінірек облыс орталығына басшылықтың ұсынысымен қоныс аударып, мұнда да бірқатар мекемеде басшылық қызметте болды.

Зейнеткерлікке шыққан соң да әкеміз қарап отырған жоқ. Облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағалығына үш рет қатарынан сайланып, 12 жыл бойы үздіксіз қызмет жасады. «Жоғалмайды адамның сараңдығы, мәрттігі, кімнің қалай болғанын танытады қарттығы» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, Камал Бердәулетов елге сыйлы, жастарға салиқалы сөз айтатын, тәуелсіздігімізді ұлықтап, көшелі пікір айтатын қадірлі ақсақал болды.

Сонымен қатар әкеміз қарымды қаламгер, Қазақстан журналистер одағының мүшесі бола жүріп тарихи-танымдық бірнеше кітап жазып қалдырды, республикалық, облыстық басылымдардың белсенді авторы болды.

Оның ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ, Кеңестік дәуірдің «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденімен, көптеген медальмен марапатталды. 2008 жылы «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Біз, ұрпағы әкемізді еске алып, оның қан майдандағы ерліктерін, елге сіңірген еңбегін жұртшылыққа паш етуді жөн санадық. Ардагер аталарымыздың даңқы арта берсін, олардың есімі ешқашан ұмытылмайды!

Автор: Гүлназ