Хабар телеарнасы

Байсопақов Әлиулла (1921-1999 жж.)

Әкем: «Жеңіс 1945 жылдың 8 мамырында жарияланғанымен, біз Совет Армиясының жауынгерлері Еуропа елдерін неміс окупанттарынан азат етіп, 1947 жылы ғана елге оралдық. Ол соғыстағы біз көрген қанды қырғынды кейінгі ұрпақ көрмесін»,– деп отырушы еді.

Менің әкем Байсопақов Әлиулла 1921 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген.

1941 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек аудандық әскери комиссариатынан Ұлы Отан соғысына аттанған. Әкем Ұлы Отан соғысында екінші Украина майданында атқыштар бригадасында, кейін барлаушы болған. Еуропаның бірнеше мемлекетін жаудан азат етуге қатысып, ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған. Ұлы Отан соғысының ардагері, II топтағы соғыс мүгедегі, отставкідегі әскери шені – майор.

Әкемнің айтқан естеліктерінен: «Кезекті бір барлау операциясында портфелінде жау бекінісі жайлы маңызды мәліметтері бар немістің бір офицерін қолға түсіріп, ағысы қатты Буг өзенінен офицердің қарсыласуына қарамастан жүзіп алып өтіп, командирімнің алдына айдап алып келдім».

Осы ерлігі үшін әкеміз 1946  жылы елге бір айға демалысқа жіберіліп, анамыз Махмутова Қалдыгүлге үйленіп, қайтадан майданға аттанған.

Әкем соғыстан кейінгі елдегі ауыр жағдайларға байланысты партия-совет қызметтерінде болып, кейін мамандығына сәйкес ұстаздық етіп, бірнеше жыл мектеп директоры болып зейнетке шықты.

Анамыз Махмутова Қалдыгүл екеуі үш ұл, бес қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 24 немере , бірнеше (27) шөбере сүйді.

Әкем Байсопақов Әлиулла 1999 жылы дүниеден озды. Егер тірі болса, биыл  99 жасқа толар еді.

Әкемді елі де елеусіз қалдырған жоқ, Жалағаш ауданы орталығынан әкемнің атына көше берілді. Біз ұрпақтары әр жыл сайын Жеңіс мерекесінде әкемізді сағынышпен еске алып, Ұлы Жеңіске үлес қосқан ардагердің ұрпағы екенімізді мақтан етеміз.

Менің әкемнің Жеңіс жолындағы  жүріп өткен қиын қыстау жолы осындай.

Авторы: қызы Алиуллаева Сара