Хабар телеарнасы

Боқаев Мақан, Боқаев Оспан, Қатбеков Құрама

Боқаев Мақан, Боқаев Оспан, Қатбеков Құрама

Жамбыл облысы, Қордай ауданының майдангер батырлары

Боқаев Мақан (1925-1980) – Ұлы Отан соғысының ардагері.

Соғыс басталғанда 16 жаста болған. Ересектер майданға аттанғандықтан, оған мектеп директоры болуға ұсыныс келді. Оқу үзілмесін деп 16 жасында мектеп басқарып, сабақ жүргізген. 17 жасқа толғанда өзіне бір жас қосып жазып, соғысқа аттанған.

Боқаев Мақан ІІІ Украин Фронтында соғысқан. Снайпер болған ол қаншама фашисттерге дәл тигізіп, мерт қылғанын еске алатын. Сондай естеліктердің бірін былай деп баяндаған еді:

«Бірнеше ұйқысыз өткен күндерден кейін, соғыстың ауыр күндерінің бірінде ұйықтап қалыптым. Сол сәтте қақтығыс болып, менің үстіме оққа ұшқан бірнеше жауынгер құлады. Кері шегінген біздің отряд мені қаза тапты деп ойлаған. Есімді жиып, фашисттердің ізіне түстім. Ешкім қалмағанына сенімді болған  олар, қаруларын қойып, жайбарақат блиндажда демалып отыр екен. «Хенде хох!» деп автоматыммен басып кіргенде олар тырп етпей қалды. Дереу қаруларын жинап, әлгі бірнеше фашистті алдыма салып өз отрядыма келдім. Сонда автоматымда оқ болмаған еді».

Жас болғанымен рухы мықты жауынгер бірнеше медальмен марапатталған. Қолынан жарақат алып, соғыстан қайтқаннан кейін ҚазҰУ бітіріп, журналист болып қызмет атқарған.

Боқаев Оспан (1923-1945) – Ұлы Отан соғысының ардагері.

Соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан. 1945 жылдың 20 қаңтарында анасы «Ұрыстан қайтқан жоқ, хабарсыз кетті», – деген хат алған. Соңғы хатында ол кісі «Карпат тауында жүрміз», – деп жазған екен. Қазір «Қызыл Крест» комитеті арқылы жерленген жерін анықтаудамыз.

Қатбеков Құрама (1921-1998) – Ұлы Отан соғысының ардері.

Соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан. Жетім бала болғандықтан, оны майданға ешкім шығарып салған жоқ. Есесіне ол бір жарақат алмай, 1947 жылы аман-есен еліне оралды. Туған жерінде адал омарташы болып істеген, көпбалалы әке болды.