Хабар телеарнасы

Жылқыбаев Оңалбек (1924-2018 жж.)

Жылқыбаев Оңалбек (1924-2018 жж.)

Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Ворошилов ауылында Ахтамбердиев Жылқыбайдың қарапайым отбасында 1924 жылы 1 мамырда шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Жылқыбайдың інісі Төлеген (1901 жылы) «бұл тегін бала емес, жағдай өзгерсін»деп ырымдап Оңалбек деп ат қойыпты.

1932 жылғы  ашаршылық кезінде, бесіктен белі шықпаған бала Оңалбек өмірдің адам айтқысыз сұмдықтарын өз көзімен көреді:  қырылып жатқан адамдарды, өзінің әкесі мен бауыры көз алдында бір күнде көз жұмғанның куәсі болады. Қазақтың еңсесін көтертпеген ашаршылық заманында қалған бауырлары мен анасы үшін ерте есейіп, Оңалбек пысық бала болып қалыптасты. Үлкендер не айтса, бәрін бұлжытпай орындады. 

Жаз, 1941жылдың 22 маусымында неміс басқыншылары еш ескертпестен сұм соғысты бастап кетті. Оңалбектің жасы 17-де еді. Жасы жетпегендіктен, Георгиевка ауылының (Жамбыл облысы) военкоматынан Бішкекке жалғыз өзін апарып, Ашхабадқа салып жіберді. Ашхабадта №7 стрелковый полкта жеті ай оқып, сержант атағын алды.

Менің жұмысым накладноймен қабылдап, Ленинградтағы жауапты командирге өткізу болды. Сол жылы ең суық қыс болды. Ленинградқа жақындағанда постта тұратын адам қалған жоқ, станцияда шабуыл болып карауылдарды өлтіріп, қаруларын тонап кетті, составтың аман-есен жетуі менің қолымда болды, үш күн-түнімен өзім қарауылда тұрып, белден төмен мұз болып қатып қалыппын. Сонымен ес-түзсіз құласам керек, өліктердің ішінде жаткан жерімнен тауып алады. Кім тірі, кім өлі екенін аяқтарымен тексеріп, өлілердің ішінен мені ғана жаны бар деп тауып, госпитальге апарады. Көп жатып қалсам керек. Әбден жазылғанша сонда жаттым, жүре алмадым. Медбике жаныма келіп «Уволен в запас» деген документтерімді беріп, егер жазылсаң қайта өз орныңа келесің деп поезға салып жіберді. Әрең дегенде туған жеріме жеттім. Алланың көмегімен, тегін тумағандығыма нақты көзім жетті.

Осындай қанды майданда жүрсе де, Алланың өзі көмектесіп, елге аман келді.

Атам апамыз екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, бәрін жоғары оқу орнында оқытты. 10 немере, 27 шөбересі бар. 2018 жылы 7 наурызда  94 жасында өмірден озып кетті.

Ұлы Отан соғысы ардагері Жылқыбаев Оңалбек атамызды мәңгі естен шығармаймыз, мақтан етеміз.

Авторы: немересі Жылқыбай Ержан