Хабар телеарнасы

Бекхожин Қалижан Нұрғожаұлы (1913 – 1990 жж.)

Kalizhan Bekhozhin

Қалижан Нұрғожаұлы Бекхожин – ақын, драматург, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі (1936), ҚазКСР халық жазушысы (1986), Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Павлодар өңірінің құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысына қатысушы.
1913 жылдың 15 желтоқсанындағы Павлодар қаласында дүниеге келді. Қазақ педагогикалық институтын бітірген.
1932-1934 жылдары «Колхоз» газетінің редакциясында қызмет етті. Онда ол өзінің өлеңдері мен очерктерін жариялаған болатын. Соғысқа аттанғанға дейін Қазақстан комсомолы ОК-нің баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында, Тіл және әдебиет институтында, соғыстан кейін Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан жазушылар одағында жұмыс істеді.

 

1942 жылы Қалижан Нұрғожаұлын Ұлы Отан соғысына әскери журналист болуға шақырады. Ол уақытын фронттар мен әскерлердің штабтарында өткізеді. Журналистке соңғы ақпараттарға бірден қол жеткізу қиынға соқты. Журналистік зерттеуін ол жаралылардың және куәгерлердің әңгімелері арқылы жүргізді. 
Қалижан Нұрғожаұлы тек журналистік парызын ғана өтеп қоймай, әскери бөлімшелермен бірігіп соғыс қимылдарына да қатысқан. 
Оның фронтта басынан өткен қызықты әрі тағдырлы естелігі жеткен. 
Шығыс Еуропа елінің астанасына басып кірген соң Қалижан Бекхожин бір бүтін бөшкені тауып алады. Ішіндегі сұйықтықтың иісі спиртке ұқсайтын болады. Шаршаған жауынгерлер сол спиртті сұйықтықпен күйзелістен шығудың амалын ойлайды. Алайда оған командирдің «Бекхожин!» деген шақыруы бөгет болады. Ол командирге жолығып келгенде тағдырластарының спирттен уланып, қайтыс болған денелерін көреді. 
Бұдан кейін Қалижан Бекхожин осы оқиға өмірін сақтап қалғанын жиі еске алып отырады. 
Ал біз командирдің дауысы қазақ әдебиетіндегі талантты шеберді құтқарды деп те айта аламыз. 
Ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен екі рет, «Халықтар достығы» орденімен; ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
1959 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін шығармашылық жұмыста болған. «Шеру» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1944 жылы, ал «Көктем» атты екінші өлеңдер жинағы 1948 жылы жарық көрді. 1949 жылы «Советский писатель» баспасынан «Под звездами Москвы» атты өлеңдер жинағы шықты. Қырықтан астам өлең мен поэма жинақтары шыққан: Алты асқар. Таңдамалы поэмалар мен өлеңдер, екі томдығы (1973, «Жазушы»), Үш томдық шығармалар жинағы (1983, «Жазушы»), Мариям Жагор қызы (1950, «Көркем әдебиет»), Ақан Ақтаев (1957, «Көркем әдебиет»), Жеті дастан (1966, «Жазушы»), Дала комиссары (1960, «Жазушы»), Бақытстан – байтағым (1968, «Жазушы»), Мамырстан (1970, «Жазушы»), Аппақ нама (1974, «Жазушы»), Ұландарым (1979, «Жалын»), Кешкі жаңғырық (1987, «Жалын»), Мария дочь Егора (1956, «Советский писатель»), Избранное. Стихотворения и поэмы (1980, «Художественная литература»), С поэзией иду (1974, «Советский писатель»), Вершины (1976, «Жазушы»), Степной комиссар (1968, «Жазушы»), т.б.

Сын еңбектері: «Дәстүр және жаңашылдық» (1969), «Өлең өткелдері» (1986, «Жазушы»).
Драматургия саласындағы туындылары: «Егер жүрек шын берілсе» (1962) Қазақтың жастар мен балалар театрында, «Ұлан асу» («Ақтабан шұбырынды», 1970) Қазақтың М.Әуезов атындағы драма театры мен Шымкент облыстық драма театрында, ал «Нөсерден кейін», «Гималай сарыны» облыстық театрларда қойылды.
Қалижан Бекхожин көп уақытын көркем аудармаға арнаған жазушы. Пушкин, Лермонтов, Гете, Байрон, Некрасов, Горький, Науаи, Назым Хикмет, Маяковский, Симонов және Қырғыз эпосы «Манастың» бірнеше тарауларын т.б. еңбектерді қазақ тіліне аударды.
Ұзақ жылдар бойы әдебиеттің әр саласында жемісті еңбек еткен Қалижан Бекхожиннің қазақ әдебиеті тарихындағы орны үлкен. Оның Отан, халық алдында 60 жылға жуық сіңірген еңбегі әр уақытта да орынды әрі лайықты бағасын алуда.