Хабар телеарнасы

Ардагер Әнуарбек Хұсайыновтың арманы – елдің тыныштығы

Олар соғыстан  кейін еліміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етті. Бүгінде жастары 90-ға таяған қарияларымыздың бір ғана арманы – елдің тыныштығы.

Жасы 90-ға таяған Әнуарбек ата Елбасының майдангерлерге арнайы құттықтау қағаздарын жолдағанын теледидардан көрді. Жергілікті әкімдік өкілдерін тағатсыздана күтіп отыр екен. Жас балаша қуанған қарт майдангер жастық шағымызды соғыс ұрлады. «Бар-жоғы 18 жасымда қолыма қару алдым», - деп өткенді еске алды. Ол екінші Белорусь фронтында болған. 1944 жылы Белорусияның көптеген қалаларын фашистерден азат етуге атсалысыпты.

Әнуарбек Хұсайынов, ҰОС ардагері

-Біз целая дивизия Қазақстаннан алып барды. Бір айдай дайындықтан өттік, сосын алып барғасын командующий фронтом маршал советского союза Рокосовский Константин принял нас.

Қанды қырғыннан аман-есен еліне жеңіспен оралған Әнуар ата саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Жоғары білім алып, мектепте тарих  пәнінен сабақ берді. Зейнеткерлікке дейін Ертіс ауданындағы Панфилов ауылында мектеп директоры қызметін атқарды. Жасы 90-ға келген қария әлі тың. Елбасының құттықтауын көзілдіріксіз-ақ оқып шыққан ол шексіз алғысын білдірді.

Әнуарбек Хұсайынов, ҰОС ардагері 

-Ол кісіге айтатыным, Алла тағала ғұмыр жасын ұзақ қылсын. Бақытты болсын, қызметін әрмен қарай өтесін. Отан үшін барын салып жатыр, рахмет көптен көп рахмет, Алла риза болсын. 

Бұл – ұстаздар әулеті. Жұбайы да өзімен бірге мектепте  мұғалім болған. Бақытты шаңырақта 7 бала өсіп-өнген. Жары өмірден озған соң, ұлының қолына келеді. 10 немере, 9 шөберенің атасы, қазыналы қарияның тілегі – елдің бүтіндігі. «Ұлы Жеңістің 70-ші көктемін ел болып аман-есен қарсы алсақ», - дейді.

Авторлары: Арман Якубов, Марат Игіліков