Хабар телеарнасы

Алматыда Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті

Дәстүрге сай мерекелік іс-шаралар 28 панфиловшы саябағында басталды. Халық тәң сәріден сонда жиналып, жау қолынан қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Бүгін саябаққа жиналған халық санында есеп жоқ. Даңқ мемориалының алдындағы Мәңгілік алау құшақ-құшақ гүлге толды. Жастар ардагер ата-әжелерін ардақтап, бейбіт өмір сыйлағандары үшін алғыстарын білдірді.

Қамбар Сәрсен, Ұлы Отан соғысының ардагері: 

- 1942 жылы 18-ге толмай әскерге шақырылдым. 1943 жылдың шілде айынан бастап соғысқа қатыстым. Соғыстың соңғы жылдарында барлаушы болдым.

Тарихқа көз жүгіртсек, Ұлы Отан соғысына 160 мыңнан астам алматылық қатысқан екен. Өкінішке қарай, солардың жартысынан астамы майданда мерт болды. 

Мәмбет Сенғалиев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Біздің отбасыдан алты адам қатысыпты. Менің шешемнің туған ағасы Курск түбінде қайтыс болды. Әкемнің ағасы Бораш деген де соғыстан қайтпады. Алты адамның үшеуі келіп, ал үшеуі соғыста қайтыс болған.

Мерекеге орай Алматыда көптеген іс-шара болып жатыр. Мектептерде Ерлік сабақтары өтті. «Естелік вахтасы» аясында даңқты бабалардың ескерткіштеріне оқушылардан қарауыл қойылды. Жеткіншектерге қазақтан шыққан батырлардың ерліктері баяндалды.   

Ғаббас Жұматов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Ұлы мейрам күні сіздерді құттықтаймын! Біздің орнымызды басатын жастар ғой. Сол жастардың денсаулығын тілеймін.

Сондай-ақ әскери техникалардың көрмесі мен түрлі перфоманстар ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар сағат 20:00-де «Тағзым» атты концертке ұласады. Ал 22:00-де Жеңіс күнінің құрметіне отшашу беріледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Жандос Айтбай, Сержан Жұмабаев