Хабар телеарнасы

Ержан Максим қатысатын «Junior Eurovision» байқауына дауыс беру басталады

Дүбірлі додаға Қазақстан екінші рет қатысып жатыр. Биыл байрақты сайыста ел намысын Ержан Максим қорғайды.

Ержанның нөмірі құрылымы жағынан шынымен де өте күрделі. Сахнада негізгі орындаушыдан бөлек проектор, балет, арнайы тапсырыспен жасалған реквизит – бәрі бар. Ержанның костюмі де оңай дүние емес. Оны жобалаудан бөлек қажетті материалдар тауып, тігетін шебер іздестіру үшін де біраз уақыт жұмсалған.

Сергей Руцкий, продюсер:

- Жалпы алғанда бәрі керемет, жақсы. Біздің көңіл-күйіміз көтеріңкі. Ержан көптеген адамның жүрегін жаулап та үлгерді. Көпшілік оның әлеуеті мен күшін көріп тамсануда.

Ержанның «жеңіс туын желбіретемін» деген асқақ арманы бар. Бірақ бәсекелестері де осал емес. Әсіресе Польша, Аустралия, Сербия, Испаниядан келген балалардың дайындығы мықты. Дей тұрғанмен, ретсіз уайымдап тұрған Ержан жоқ.

Ержан Максим, «Junior Eurovision 2019» байқауының қатысушысы:

- Мен көптеген конкурсқа қатыстым. Әзірге толқып тұрған жоқпын. Құрметті достар, сіздердің дауыстарыңызды күтетін боламын! Мен сіздерді қатты жақсы көремін! «Хабар» телеарнасына көп рахмет!

Айта кету керек, байқаудың ақтық сайысы 24 қараша «Хабар» телеарнасында Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 21:00-де көрсетілетін болады. 23 қараша түнгі 01:00-ден бастап junioreurovision.tv сайты арқылы Ержан Максимге онлайн дауыс беруге мүмкіндік бар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы