Хабар телеарнасы

«Junior Eurovision-2019»: Ержан Максимнің дайындық барысы

Байқауға еліміздің атынан Ержан Максим қатысады. Қазір ол қызу дайындық үстінде. Мәскеудегі оқитын жерлесімізді сыныптастары мен ұстаздары да қолдап отыр.

Ержан байқауға қызу дайындалып жатыр. Академияда вокал, хореография және актерлік шеберлік бойынша сабақ алады әрі Мәскеудің №2083 мектебінің 6-сыныбында оқып жүр. Жаңа ортада достары да көбейіп келеді.

Ержан Максим, әнші:

- Арасында кейбір жерлерге үлгермей қаламын. Мысалы Қазақстаннан келсем, таңертең ұшып, сабаққа кішкене үлгермей қаламын, үлгермесем де сабақтың ортасына барамын. Сайысқа дейін сыбызғы деген қазақтың ұлттык аспабын тартатын боламын, соған казір дайындалып жүрмін.

Ержанның сыныптастары халықаралық байқауда оған қолдау көрсетпек. Мәскеулік ұстаздары да «Голос» шоуынан бастап Ержанның жанкүйерлеріне айналған. Мұғалімдердің айтуынша, ол өзінің тартымдылығы арқасында жаңа ортаға тез сіңіп кеткен.

Роза Мусаилова, сынып жетекшісі:

- Ержан жаңа ортаға жақсы бейімделді. Ешқандай қиындықтарын байқаған жоқпын, өзін ашық, тез тіл табысатын бала ретінде көрсетті. Шынымен дарынды бала және жеңіске жетуге лайық.

Светлана Воронина, мұғалім:

- Ресейліктер оны қолдайды. Әрине, мен де қолдаймын. Бүкіл отбасымызбен оған дауыс беріп, смс жіберетінбіз. Сондықтан Ержанды бұрыннан білемін. Тек қана жеңіс пен жаңа жетістіктер тілейміз. Өте еңбекқор бала.

Байқауға үш аптадан аз уақыт қалды. Ал Ержан елге оралуға асық. Үлгермеген сабақтарын оқып, кестеден қалмайтынына сенімді.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев