Хабар телеарнасы

«Кебенек» телехикаясы көрерменге жол тартты

Ауған соғысының ауыр күндерін бастан кешкен кейіпкердің өмірі жайлы «Кебенек» сериалы ешкімді бейжай қалдырмайды.

Телехикая басты кейіпкер Жасұзақтың Ауған соғысында көрген қиындықтарымен басталады. Жау тылын бақылауға шыққан жауынгерлер зұлмат жарылысқа ұшырайды. Айналасы астан-кестен болған ұрыста Жасұзақ қатты жараланады. Шала-жансар жатқан оны құтқарушылар «тікұшаққа сыймайды» деп құжаттарын алып, өзін тастап кетеді. «Ойпырмай, жат жерде қалғаным ба?», – деп ойлап үлгергенше көкке көтерілген тікұшақ жарылып, көз алдында күл талқан болады.

Динара Шілдебаева, түсірілім тобының редакторы:

- Бұл өте ауыр тақырып, біздің бір кейіпкеріміздің артында мыңдаған отбасының жағдайы тағдыры жатыр. Бірі мүгедек болып оралса, бірі мүлде өзінің еліне оралмады. Сериалда Жасұзақтың бір отбасын көрсетеміз, бірақ бұл сол замандағы мыңдаған отбасының тағдыры болып саналады. Өте әсерлі сериал.

Сұрапыл оқиғадан кейін Жасұзақты әскери комисариат «қаза тапты» деп тіркеп, отбасына қара қағаз жібереді. Алайда әкесі ұлын жамандыққа қимайды.

Әке жүрегі алдамапты. Ұзақ уақыт емделген Жасұзақ жарақаты жазылып, елге оралады. Оқ пен оттың ортасынан аман қалған оны жұрт Кебенек деп атап кетеді. «Шынайы оқиға негізінде түсірілген телехикая үлкен тәжірибе мектебі болды», – дейді басты рөлді ойнаған жас актер Мейірғат Амангелдин.

Мейірғат Амангелдин, актер:

- Өзіме ұнайды. Ойнауға да қызықты әрі оқиғасы терең. Актерді шыңдайды, жас актер ретінде мүмкіндіктер де жетеді. Сондықтан көптеген ізденіс талап етеді және рөлім әркез терең дайындықты талап етеді.

Телехикая Алматы қаласы мен облыс аумағында түсірілген. 12 бөлімді «Кебенек» телехикаясын 4 қараша күні кешкі 22:30-да «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов