Хабар телеарнасы

Ержан Максим «Junior Eurovision» байқауында орындайтын әні мен бейнебаянын таныстырды

«Балалар дауысы» жобасының жеңімпазы Ержан Максим биыл «Junior Eurovision» халықаралық байқауында еліміздің намысын қорғайды. Жас әншінің байқауда орындайтын әніне түсірілген бейнебаян ресми түрде таныстырылды.

«Арманыңнан қалма». Ержанның көрермендеріне тосын сый ретінде дайындаған әні осылай аталады. Сөзін Данияр Алдабергенов жазса, әні Хамит Шаңғалиевтікі. Халықаралық сахнада орындалатын әнді де, оған арнайы түсірілген бейнебаянды да алғашқы көрермендер жақсы қабылдады.

Клиптің авторы – украиналық режиссер Александр Фломбойм. Қоюшы-операторы – көптеген қазақстандық әншіге бейнебаян түсірген танымал маман Станислав Ильин. Жеткіншектерге үміт сыйлауды, шабыт беруді мақсат тұтқан туындыда Ержан армандарды орындайтын сиқыршы бейнесін ойнайды.

Ержан Максим, жас әнші:

- Алматы қаласының тауларын, ауасын және адамдарын да өте қатты жақсы көремін. Сол үшін Алматы қаласында түсірейік деп шештік. Осы клип арқылы елімнің, Алматымның тауларын тағы басқа әдемі жерлерін көрсеткім келді.

«Junior Eurovision» байқауының шарты бойынша қатысушылар еш жерде жарияланбаған 3 минутқа дейінгі композицияны табиғи дауыста орындауы қажет. Айта кетейік, Қазақстан бұл байқауға биыл екінші рет қатысқалы отыр. Былтыр «Хабар» Агенттігінің қолдауымен Данэлия Тулешова байқауға қатысса, биыл айтулы байқауда Ержан ел намысын қорғайды.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- «Хабар» Агенттігі 2016 жылдан бері еуропалық хабар тарату одағына мүше. Бұл бізге «Junior Eurovision» халықаралық байқауына Қазақстан атынан үміткерді қатыстыруға мүмкіндік беріп отыр. Барлық қазақстандықтар 24 қараша күні «Хабар» телеарнасы арқылы Ержан Максимге қолдау білдіре алады.

Гүлмира Әлібек, Ержанның анасы:

- Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Еліміздің намысын қорғау – Ержанның кішкентайынан бойына сіңіп қалған қасиеттің бірі. Оны сезінеді, түсінеді. Өмірде шаршап жүргенімен, сахнаға барлығын ұмытып, тек қана сол әнді халықтың жүрегіне жеткізуге барын салады.

Халықаралық балалар ән байқауы 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында басталады. Жерлесіміз Ержан Максим қатысатын жас әншілер жарысын «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев