Хабар телеарнасы

III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2-9 қыркүйек аралығында өтеді

Қырғызстанда 2-9 қыркүйек аралығында III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазір ауқымды шараға дайындық қызу жүріп жатыр. Этнофестиваль Қыршын шатқалында ұйымдастырылмақ. Жергілікті тәртіп сақшылары күшейтілген режімде жұмыс істеуде.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты мәдени шаралары Қыршын шатқалында өтеді. Мұнда ақшаңқан мың киіз үй тігіледі. Оны Қырғызстанның әр облысы мен Ош және Бішкек сияқты қалаларынан келген жұмыс тобы атқармақ. Дәл осы жерде бірнеше күн бойы көшпелі халықтардың киім үлгілерінің фестивалі, фольклорлық топтардың концерттері және ат спорты бойынша ерекше көрсетілімдер қойылады. Думанды шара 3 қыркүйектен бастап жұртшылық назарына ұсынылады.

Азамат Жаманқұлов, Қырғызстан Туризм департаментінің директоры:

- Биылғы жылы әлемнің әр түкпірінен келген қатысушылар «Этно-шоу», «Этно-сән», «Этно-би» сияқты номинациялар бойынша өз әндерін, билерін, сән үлгілерін кеңінен көрсете алады. Яғни осы шара аясында көшпенділерге ұлттық салт-дәстүрін насихаттауға мүмкіндік беріледі. Биыл тек мәдени бөлімнің өзіне 30-дан астам ел тіркеліп, өнерін көрсетуге сұраныс берген.

III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көпшіліктің қоғамдық қауіпсіздігін 3,5 мың милиция қамтамасыз етеді. Олардың көпшілігі Ыстықкөл облыстық ішкі істер органдарынан, қалғандары республиканың өзге өңірлерінен тартылады. Сайысқа сырттан мыңдаған турист келеді. Қонақтардың алды Шолпа ата мен Қарақолға келіп жетті. Саяхатшыларды жол нұсқаушыларымен бірге тәртіп сақшылары да күтіп алады.

Қайрат Тоқымбаев, милиция қызметкері:

-. Еуролықтармен тез тіл табысуға болады. Ресей мен ТМД елдерінен келгендер де сабырлы. Ал африкалық туристермен басында аз-кем түсініспегенімізбен, кейін сөйлесе келе, олар өздерінің көзқарасын өзертіп, оң пікір білдірді.

Ағылшын тілін білетін ішкі істер саласының өкілдері жаяу да, автокөлік патрульдерімен жүріп те қызмет көрсетеді. Бұл үшін жол қауіпсіздігі басқармасы арнайы мамандар бөлді. Оған қоса милиция қызметкерлері бірнеше тілде жарыс туралы мәлімет жазылған нұсқаулықтарды да таратады.

Авторы: Бақыт Чермашев