Хабар телеарнасы

«Үркер» ұлттық сыйлығы – үздіктер шоғыры

«Үркердей» жарқырау кез келгеннің бағына бұйырмасы анық. Тек үздіктер ғана ұлттық сыйлыққа ие болады.

Былтыр алғаш ұйымдастырылған байқауда 15 аталым бойынша баспасөз, радио және интернет журналистика саласының майталмандары марапатталды. Олардың қатарында ұлттың үн-жариясына айналған «Қазақ радиолары» 2 аталым бойынша жеңімпаз атанды.

«Астана» радиосы «Үздік аймақтық радиостанция» деп танылса, «Шалқар» радиосының «Ән домбыра» бағдарламасы «Үздік радиобағдарлама» атауын иеленді.  Маусым сайын әуе толқынын мазмұнды бағдарламаларымен толықтыратын ұжым биыл да бәйгеге түспек.

Мұхтар Тұртайұлы, «Шалқар» радиосының бас редакторы:

- «Қазақ радиоларының» құрамына 4 радио кіреді. Соның ішінде біз тағы да өз бағымызды сынап көріп жатырмыз. «Қазақ радиолары» ішіндегі бағдарламаларды, жеке хабарларды ұсынып жатырмыз. «Қазақ радиосының» өзін де «Үздік радиостанция» ретінде ұсындық. Бағдарламалардың барлығы халық үшін өзекті, құнды деп ойлаймыз.