Хабар телеарнасы

Астанада 120 мың шаршы метрден астам жерге гүл отырғызылады

Елордамыз Астананы абаттандырумен қатар көгалдандыруға да зор көңіл бөлінеді. Әрі биыл – Астананың 20 жылдық мерейтойы. Мерекеде қаланың көркін асыру үшін 120 мың шаршы метрден астам жерге гүл отырғызылады. Биыл мамандар ғұмыры ұзақ гүлдерге басымдық беріп отыр. Көздің жауын алатын гүлзарлар қалай дайындалады? Гүл бағбандары биыл қандай жаңа композициялар даярлап отыр?

Жаз келсе, Астана гүлдеп сала береді. Биыл күн жылынбай, шөп көктеп, гүл бүр жаратын уақыт кеш келді. Көгалдандыру жұмыстары да әдеттегіден 20 күнге кеш басталды. Қатқақ суықтардың өтуін күткен мамандар гүл отырғызу жұмыстарын енді бастап жатыр. Кешелі бері 1 мыңдай адам гүл егуге шықты.

Мәриаш Рубаева, гүл отырғызушы:

-Таңғы 7:00-ден жұмысқа шығамыз, гүлдерді отырғызамыз. Бір-екі, үш күнде осы жерді бітіруіміз керек. Бір аптадан соң арамшөптер шығады, оларды жұламыз, жұлғаннан кейін түбін қопсытамыз. Мен бүгін 150-дей гүл отырғыздым.
Қаланың басты орталық алаңдарына гүл өскіндерін егу 2-3 күнде аяқталады. Ауа райына байланысты әзірге там-тұмдап азды-көпті гүл мүсіндер ғана орнатылған.

Рүстем Тоққожаев, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ инженері:

-Есіл ауданында 30-ға жуық скверіміз, 5 үлкен паркіміз бар. Соларды қамтимыз, көгалдандырамыз, қараймыз, баптаймыз. Көгалдандыру құрылысында 300 адам жұмыс істейді, оның ішінде гүл егу, газонды реттеу, суару, 50-60-қа жуық техника істейді. Қазақи ою-өрнектер жасап жатырмыз.

Шамамен бір айдан кейін көшені бойлай көкке ораған жасыл желекпен қоса, көбелек қонар, көрікті гүлзарлар көздің жауын алатын болады. Биыл Астананың 20 жылдығына орай түрлі дизайн ойластырылған. Әсіресе қазақы ою-өрнектерге басымдық берілмек.

Гүлнұр Иманбекова, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ жобалау-ландшафтылық шеберханасының басшысы:

-Сондай-ақ биыл алғаш рет миксбордер жасап көрмекшіміз. Миксбордер дегеніміз – біржылдық, көпжылдық гүлдерді араластырып, қылқанжапырақтыларды бірге отырғызу. Қабанбай мен Түркістан көшелерінің қиылысында ботаникалық бақ жасаймыз. Ол қала күні ашылады.

Қаланың 4 ауданында 20 санының логотипі гүлмен өрілетін болады. «Әзірге бұл эскиз бетінде, қала күніне дейін үлгереміз», – дейді дизайнерлер. Күннің тағы да жыли түсуін күткен бағбандар жылыжайларда тынбай еңбектенуде.

Жалпы елордаға шырай беретін түрлі-түсті шырайгүлдер көп отырғызылады. Себебі түрлі гүл өрнек жасауға ыңғайлы.
Астанадағы 4 ауданның әрқайсысына 3 мың шаршы метрден көпжылдық өсімдіктер отырғызылса, 5,5 млн түп біржылдық гүл егіледі.

Айнаш Күшікова, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ жұмысшысы:

-Мынау гүлдің аты – лобелия. Екі аптадан сосын өседі. Күзге дейін өседі, солмайды. Германиядан семена әкелген, машинкамен саламыз.

80 мыңнан астам гүл түрі егіліп, қала күні қарсаңында елорда құлпырып шыға келеді. 

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Хош иісті шегіргүл секілді түрлі-түсті гүлшанағы бар екіжылдық өсімдіктерді қала көшелерін, саябақтарды, үй аулаларын безендіруге жібереді. Ал мынадай көшеттік құмыраларға биыл алғаш рет қынагүл отырғызылды. Сондай-ақ экзотикалық бакопа гүлдері де жайнап, жайқалып Астананың ажарын аша түсетін болады.

Биыл мыңжапырақ, дельфиниум сынды көпжылдық өсімдіктер көп. Желтоқсан, Жеңіс көшелерінің маңында тропиарлық жаңа бақ жасалса, Қабанбай батыр мен Түркістан көшелерінің маңындағы алаңда арша бұталары отырғызылмақ. Домбыра, қобыз, түйе секілді түрлі мүсіншелер және бар. Ал Астана әуежайының жанындағы ағылшын тіліндегі «Қош келдіңіз» деген жазу күн жылынса, гүлге оранады. «Астананың 20 жылдығына орай әлі де жаңа жобалар ойластырылған. Әкімдік бекітсе, Астана гүл шаһарға айналады», – дейді агрономдар.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев, Дәурен Жұрхабаев