Хабар телеарнасы

Үстел теннисінен Қазақстан құрамасы Қытайда өтетін әлем чемпионатына дайындалуда

Аспан асты еліндегі жарысқа 40 мемлекеттің өкілі жолдама алыпты. Чемпионаттың ең жас ойыншысы – Алан Құрманғалиев.

Қазақстанда үлкен теннистен әлемді бағындырғандар үстел теннисіндегілерге де шабыт бергені рас. Алан Құрманғалиев адал тердің ақысы жеңіс екенін жақсы біледі.

Жас ойыншы жыл басынан бері 23 турнирге қатысып, топ жарған. Оқуда да озаттар қатарында. Әлемдік рейтинг бойынша да алғашқы үштікте тұр. Мақсат – алғашқы сатыға шығу.  

Алан Құрманғалиев, теннисші:

- Қазір бірінші орында жапон спортшысы тұр. Олар көп жаттығады. Әр ойыншыда кемі үш бапкер, жеке массажисті мен психологы болады. Сондықтан олар мықты болып келеді. Жалпы біз күрес пен бокстан әлем бойынша үздіктер қатарында болсақ, олар осы спорт түріне бейім келеді.

Қазір Алан да жаттығуға тыңғылықты кіріскен. Тәулігіне 6 сағат дайындалады, 30 шақырым жүгіреді. «Қарсыласты қоғадай жапырғың келсе, осыдан басқа жол жоқ», – дейді жас спортшы.

Алан Құрманғалиев, теннисші:

- Оларды тактикалық тұрғыда тізе бүктіруге болады. Бұл ойында тек жылдамдық пен шеберлік емес, баспен ойлау керек. Жедел шешім қабылдау шарт. Қателікке жол беруге болмайды. Тек сонда ғана қарсыластан басым түсесің.

Қазір Қазақстан құрамасы үстел теннисінен әлемнің үздік 40 мемлекеті арасында кемі 16-шы орынға тұрақтауды жоспарлап отыр. Жарыс қыркүйек айының соңында басталады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпхар