Хабар телеарнасы

Бейжіңде Қысқы Олимпиада алауының эстафетасы басталды

Эстафетаға мыңнан астам адам қатысады. «Денсаулық. Қуаныш. Энергия». Бұл – Қысқы Олимпиада алауы эстафетасының ұраны. Бейжің – Жазғы және Қысқы Олимпиада ойындары өткізілетін әлемдегі тұңғыш шаһар. Алайда пандемияның кесірінен биыл эстафета 2008 жылдағыдай ауқымды болмайды. Алауды алдағы үш күнде мыңнан астам адам тарихи орындар арқылы ұстап өтеді. Ертең ол Ұлы Қытай қорғанына, кейін шаңғы жарысы өтетін Чжан-цзякоуға жеткізіледі. Ал жұма күні Бейжіңге қайтарылып, алғаш рет Олимпиада ойындары өтетін жабық аймаққа әкелінеді. Алауды алып жүру құрметіне түрлі салалардың көрнекті өкілдері ие болды. Арасында үш рет ғарышқа ұшқан тайконавт бар.

Цзин Хайпэн, ғарышкер:

- Менің қуанышым шексіз. Бұл – мен үшін абырой әрі үлкен жауапкершілік. Бұл алау Қытай ғарышкерлерінің отанына деген сүйіспеншілігін білдіреді.

Алаудағы қызыл түс Ұлы Қытай қорғанын, ал күміс түсі адамның кемелденуге деген ұмтылысын білдіреді. Эстафетаны қысқы спорт түрлерінен Қытайдың тұңғыш әлем чемпионы бастады.

Ло Цжихуань, қысқы спорт түрлерінен Қытайдың тұңғыш әлем чемпионы:

- Өмірімде алғаш рет Олимпиада алауын ұстап тұрмын, мұндай мүмкіндік бұдан кейін болмас деп ойлаймын. Бұған өте ризамын әрі толғанып тұрмын. Пандемияның кесірінен болған қиындықтарға қарамастан Олимпиада сәтті өтетініне сенемін. Қазір Қытайда Жаңа жыл тойланып жатыр. Сондықтан бұл – біз үшін қос мейрам. Ең алдымен, Олимпиада ойындары – Олимпада рухы, бейбітшілік, бірлік және денсаулық. Қысқы Олимпиада өз жетістіктерімен қатар бүкіл әлем халықтарының бірігуіне үлес қосады деп ойлаймын.

Эстафетаның басталу рәсіміне көрермендер де қатысты. Ал Халықаралық Олимипиада комитетінің президенті Томас Бах бейнеүндеу жолдап, өз сөзінде бірлік пен ынтымақ жетістікке жетелейтінін атап өтті. Олимпиада алауының эстафетасы да дәл осы ұранмен күллі әлемді ауызбіршілікке шақырып отыр.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Владимир Грабарь