Хабар телеарнасы

Боксшы Сәкен Бибосыновтан ел-жұрты жеңіс күтеді

Солардың бірі – белгілі боксшы, 52 келі салмақта өнер көрсететін Сәкен Бибосынов.

Сәкен Бибосыновтың басты жанкүйері – анасы. Махаббат Құдайбергенова ұлының әрбір жетістігіне қуанғанымен, Сәкеннің шаршы алаңдағы өнерін тамашалаған емес. Себебі ұлының рингтегі жан берісіп, жан алысқан сәтін көруге ана жүрегі шыдамайды. «Сондықтан ондай кезде көбіне сыртқа шығып, Алладан дұға тілеймін», - дейді анасы.

Махаббат Құдайбергенова, анасы:

 - Ұлымның жарысы біткенше ұйықтамаймын. Бүгін қалай болар екен, ертең қалай болар екен деп уайымдап жүремін. Теледидарды көруге жүрегім шыдамай, не болса да тез бітсе екен деп сыртта жүремін. Үйде тередидардан көріп отырған балаларымыз ұтса, ұтты деп шығады. Содан кейін жүрегім сәл орнына түседі. Олимпиададағы ойындарын да көруге сабырым жетпейді.

Сәкен Бибосынов 1997 жылы Өзбекстан Республикасының Бостандық ауданында дүниеге келген. Бала кезінен боксқа бүйрегі бұрып тұратын ол 13 жасында спорттық мансабын Қазақстанда жалғастыру үшін елге оралған. Алдымен Қызылорда қаласындағы мектеп-интернатқа қабылданып, кейін Сайрам ауданындағы «Жекпе-жек спорт клубына» ауысады. Осы жерде ол білікті бапкер Қадырбек Қуатбековтың көзіне түсіп, қоластында жаттығады.

Қадырбек Қуатбеков – Сәкеннің алғашқы бапкері. Ең алғаш 2011 жылы 13 жастағы шынашақтай баланың шеберлігіне тәнті болып, өзінің қарамағына алған. Содан бері екеуі тынымсыз жаттығып, талай бәсекелерге бірге барды.

Қадырбек Қуатбеков, С. Бибосыновтың алғашқы бапкері:

 - 2019 жылдан бастап, Сәкеннің жолы ашыла бастады. 5 жылда бір өтетін спартакиада чемпионы атандық. Одан қалса Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі түрде Президент кубогы өтеді. Сонда да өзінің мықты екенін дәлелдеп, әлем чемпионатына жолдама алдық. Ол жақтан 3-орын иеленіп келдік. Енді мынау Олимпиада төрінде бағы мен бабы қатар шауып, қазақ елінің көк туын көкке желбіретіп, әнұранымызды ойнатады деген сенімдеміз.

Сәкеннің жетістіктері бір басына жетіп артылады. «Тек алдағы додада сәттілік серік болса болғаны. Себебі жарыс жолындағы жеребесі де жақсы шықты», - дейді мамандар.

Бауыржан Асқаров, Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

 - Бірінші ойында пуэрторикалық боксшымен кездеседі. Сәкеннің жеребесі жақсы түскен. Мықты спортшылардың бәрі екі топқа, Сәкен басқа топта. Құдай қаласа, финалға жетеді деген сенімдеміз.

Сәкен олимпиададағы алғашқы кездесуін сәтті өткізді. «Бабы мен бағы қатар шапса, Токио Олимпиадасында жеңіс тұғырынан көрінуі әбден мүмкін», - дейді мамандар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы