Хабар телеарнасы

Президент Токио Олимпиадасына қатысушыларға мемлекеттік туды табыстады

Бір жылға кешігіп басталатын бұл додаға қазақстандық спортшылар да қатысады.

Ақордада Президент Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасымен кездесіп, мемлекеттік туды табыс етті. Спортшылар Президентке және мұқым елге көк байрағымыздың олимпиадаға желбіреп барып, желбіреп қайтатынына уәде етті.

Өз тарихында олимпиада ойындары 3 рет кейінге шегеріліпті. Олар 1916, 1940 және 1944 жылдар, яғни дүниежүзілік соғыс уақытында. Токио – 2020 тартысының төңірегінде де дүдәмәл ойлар көп еді, бірақ коронавирустың қарқыны суық соғыстан да кем болмады. Ақыры кейінге шегеру туралы шешім қабылданды. Адамзат вирусты әлі жеңген жоқ, бірақ енді тура үш аптадан соң Токиода олимпиада алауы жағылады.

Қазақстандық спортшылар олимпиада ойындарына дайын. 27 спорт түрінен 96 лицензия қалтада. Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасын Ақордаға шақырып, ел сенімін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлы даланың ұландары күншығыс еліне халқымыздың зор сенімін арқалап бара жатыр. Біздің спортшыларымыз байрақты бәсекеден жүлдесіз оралған емес. Олимпиада төрінде көк туымыз желбірегенде, әрбір азаматтың жүрегін мақтаныш кернейді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстаннан олимпиаданың 16 жеңімпазы, 56 жүлдегері шықты. Олардың есімдері еліміздің және әлемнің спорт тарихында алтын әріппен жазылған. Енді әйгілі спортшыларымыздың ізін басатын, жолын жалғастыратын сіздер.

Олимпиадашыларымыз нағыз бабында. Бірақ мұндай байрақты бәсекеде бабтан бақтың оза шапқаны керек. Аламан бәйгеге қосылуға тыпыршып жүргендердің бірі – Елдос Сметов. Дзюдодан 2015 жылғы әлем чемпионы деген атағы бар қазақстандық спортшы бұл аламанға ерекше аманатпен аттанбақ.

Елдос Сметов, дзюдодан әлем чемпионы:

Қазағымыздың балуан батыры Жақсылық ағамыздың көзі тірісіндегі арманы қазақтан шыққан күрес түрлерінен Олипиада чемпионынын өз көзімен көру еді. Сол арманы қазіргі таңда қойған мақсатымыз.

Сонымен, Қазақстанның туын Токиодағы олимпиаданың ашылуында екі спортшы ұстап шығады. Бірі атақты спортшы – Ольга Рыпакова. Бұл спортшы үшін төртінші олимпиада. Оның ізін енді туған қызы басып келеді.

Ольга Рыпакова, Олимпиада ойындарының чемпионы:

- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып спортшы ретінде, екі баланың анасы ретінде сізге елдегі бұқаралық спортты дамытуға, оның ішінде балалар спортына деген көңіліңіз үшін алғысымды жеткізгім келеді. Менімен бірге жеңіс мінберіне қызым да бірге көтерілгенде эмоциямды жасыру мүмкін болмады. Жақында менің ұлым да спорттағы жеңісімен өз отбасын, өз елін сан мәрте қуантады деп сенемін.

«Мемлекет спортшыларға қажет жағдай жасауды ұмытпайды», - деді Президент. Егемендік жылдарында елімізде 100-ден астам ірі спорт кешені бой көтерді, оның 16-сы халықаралық деңгейдегі нысан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекетіміз спортшы жастарға әрдайым көмек көрсетеді. Елімізде қазір бұқаралық спортқа да ерекше көңіл бөлінуде. Өңірлерде, ауыл-аймақтарда салынып, үйірмелер ашылуда. Ауылда спортпен айналысатын балалар көбейіп жатыр. Сол жастардың ішінен болашақ чемпиондар өсіп шығары сөзсіз. Олар сіздерге қарап бой түзейді, бәріңіз осы жауапкершілікті сезініп, ел абыройын қорғайды деп сенеміз.

Токио – Қамшыбек Қоңқабаев үшін алғашқы олимпиада. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны, Қызылорданың тумасы Қамшыбекке Қасым-Жомарт Тоқаев көк байрақты беріп тұрып, нықтап тапсырды. Президенттің спортшыға не айтқанын естімесек те, анық түсіндік: «Көк байрақ биікте желбіресін», - деді, әрине, жауап біреу – намысты қолдан бермейміз.

Қамшыбек Қоңқабаев, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

- Көк байрақпен бірге сіз бізге халқымыздың ізгі тілегі мен аяулы аманатын тапсырып тұрсыз. Мұны біз жақсы түсінеміз, жан жүрегімізбен сезінеміз. Сол үшін көк туымызды тұғырынан түсірмей, сан мәрте көтереміз деп сенемін. Дүбірлі додада олжа салып, үкімелген үміттеріңізді ақтауға тырысамыз. Намысты қолдан бермейміз. Дүбірлі додада Отанымыздың абыройын асқақтату үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға уәде етеміз. Қазақтың көк байрағы Олимпиадаға желбіреп барып, желкілдеп қайтады. Жеңісті күндерде жолығуды жазсын!

Спорт додасының ашылу рәсімі Токиодағы олимпиада стадионында 23 шілде күні өтеді. Ал біздің спортшылар Жапонияға 16 шілдеде аттанады. Токиодағы тартыстан Қазақстанның қанжығасына не бұйырады, 8 тамызға дейін бірге тақым қысамыз.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев