Хабар телеарнасы

Павлодарда алғашқы спорттық даңқ музейі ашылады

Жарты ғасырлық тарихы бар жәдігерлер өңірдегі алғашқы спорттық даңқ музейінен орын тапты. Қазіргі таңда музей қорында 500-ге жуық жәдігер бар. Алдағы уақытта футболға арналған тағы бір бөлімше ашылмақ.

Ең құнды экспонат – аты жер-жаһанға танымал Қажымұқан Мұңайтпасұлының кір тасы. 37 келілік кір тасын балуанның өзі Баянауылда болғанда дзюдодан спорт шебері Зейнолла Сыздықовқа сыйға тартқан. Жәдігерді спортшының балалары музейге тарту етті.

Жанат Зейнолла, Баянауыл ауданының тұрғыны:

- Әкем: «Қажымұқаннан қалған кір тасы», – деп, соны көтеріп жаттығатын. Бала кезімізден бар. 40 жылдан аса біздің үйімізде болды.

Бұл музей – бір жылдық тынымсыз еңбектің жемісі. Спорт мектептерінің ұстаздары жәдігерлерді облыстың түкпір-түкпірінен жинапты. Ал облыстың танымал спортшылары жеке заттарын қуана табыстапты.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Шағын музейде 18 олимпиадалық спорт түріне қатысты жәдігерлер жинақталған. Бұл – павлодарлық спортшылардың жеңісті сәттерінен сыр шертетін кубоктар, фотосуреттер мен медальдер. Сонымен қатар раритетті жәдігерлер баршылық. Мәселен, бұл классикалық шаңғы роллерін біздің спортшылар 60-жылдары қолданған.

Өңір спортының тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан басталады. Саланың өткенін паш ететін заттардың қатарында жарты ғасыр қолданыста болған ағаш шаңғылар бар.

Марал Ахметова, олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп интернаты директорының орынбасары:

- Спортшыларымыз бұл шаңғылармен 60-жылдары жаттыққан. Шаңғының темір бекіткіштері мен бамбук таяқтары болған. Өте құнды жәдігер. Шаңғыларды жинақтауға біраз тер төктік. Қарт спортшыларымыз үлес қосты.

Қазіргі таңда музей қорында 500-ге жуық жәдігер бар. Әзірге екі бөлім жасақталған. Алдағы уақытта футболға арналған тағы бір бөлімше ашылмақ. Спорттық даңқ музейі келушілер үшін тегін жұмыс істемек. Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат