Хабар телеарнасы

Дәулет Тұрлыханов Қарағанды облысы жастарымен онлайн форматта жүздесті

Жауырыны жерге тимеген палуан өзінің өмір жолын, спорттағы жетістігін баяндады. Осылайша жастарға ақылын айтып, бағыт-бағдар берді.

Қарағанды облысында биыл пандемияға байланысты жоспарланған көптеген спорттық жарыс, кездесу, шеберлік сабақтары өтпей қалған. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін сала басшылары даңқты спортшылармен онлайн кездесу өткізуді қолға алды. Алғашқы сұхбатқа Дәулет Тұрлыханов шақырылған.

Темірхан Абылаев, Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Дәулет ағамыз – халықтың батыры. Жастардың барлығы осы кісілерден үлгі алып өсуі керек деп ойлаймын. Сондықтан біз осындай тарихи тұлғаларымызды көбірек көрсетуіміз керек. Басқа мемлекеттің тарихи тұлғаларына емес, өзіміздің батырларға еліктесе, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне жақсы болады деп ойлаймын.

Дәулет Тұрлыханов 20-дан енді асқан шағында жасындай жарқырап, байрақты додаларда ел абыройын асқақтатты. Ол – грек-рим күресінен КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Әлем және Еуропа чемпионы, Олимпиада ойындарының екі мәрте жүлдегері. «Спортта жетістікке жету үшін әуелі мінез керек, сосын табанды еңбек қажет», – дейді.

Дәулет Тұрлыханов, КСРО және ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:

- Еңбектің, талпыныстың арқасында, алға қойған мақсатқа жетемін деп тырмысудың арқасында сіздер осындай биіктікке жетесіздер. Енді барлығыңыз бірдей чемпион болады деп айта алмаймын. Бірақ мына спорт мектебінде тәлім-тәрбие алғандарыңыз зая кетпейді.

Тәуелсіздік мерекесіне орайластырылған онлайн кездесуге Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірінен 300-ге жуық жас спортшы қатысып, ардагердің ақылын тыңдады. Қызықтырған сауалдарын қойып, емен-жарқын әңгімелесті.

Асылхан Бахай, жас спортшы:

- Кездесуге келуімнің себебі – Дәулет Тұрлыханов. Ол менің ең басты мотиваторым болып келеді. Дәулет Тұрлыхановтың күрес стилі, басқа да мінезі маған ұнайды.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы алдағы уақытта осындай кездесулерді жиі ұйымдастырып тұрмақшы.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев