Хабар телеарнасы

Ардагер журналист Несіп Жүнісбаев 70 жасқа толды

Жарты ғасырға жуық өмірін осы салаға арнаған туған күн иесінің қаламына ілінген әр тақырып өзектілігімен, терең мазмұнымен ерекшеленеді. Бүгінде Нес ағаның шекпенінен шыққан талай жас республикалық БАҚ-та табысты еңбек етіп жүр.

Несіп Жүнісбаев журналистикамен бірге жазушылықты қатар ұстады. Сайыс алаңдарынан ақпарат таратып қана қоймай, «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрермен назарына ұсынған Олимпиада ойындары жайында төрт томдық кітап жазған ол жақында 5-томының да тұсауы кесілетінінен сүйіншіледі.

Несіп Жүнісбаев, ардагер журналист:

- Қазір он Олимпиададан бес кітап жаздым. Бесінші кітабым баспадан шығып жатыр. Аманшылық болса он күннен кейін шығады. Ол кітабымды «Мәңгілік Олимпиада маршруттары» деп атадым. Неге десеңіз, біз енді аттан түстік. Кейінгі Олимпиадаларға біз бармаспыз, жастар барар. Мен осымен Олимпиадаларға нүкте қойдым деп отырмын.

Ел тарихында тұңғыш «Намыс» футбол клубын құрып, ала допқа аңсары ауған қазақ жастарының басын бір арнаға тоғыстырды. Елім деп емірінген спорт саңлағының меншікті мерекесіне арналған құттықтаулардың бірі біз сұхбат құрып отқан уақытта иесін тапты.

Еламан Қоңыр, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі:

- Қуанышыңызға ортақтаса отырып, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке және отбасыңызға амандық тілеймін. Қаламыңыз мұқалмасын. Ізгі ниетпен, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Біз де арна ұжымының атынан ардагер журналисті қуанышымен құттықтап, зор денсаулық тілейміз.

Авторлары: Айбек Қабылша, Нұрлан Малгелдинов