Хабар телеарнасы

Алматы облысындағы Қарасаз елді мекенінде жаңа спорт кешені ашылды

Кешеннің ашылу салтанатына осы өңірден шыққан белгілі спорт саңлақтары қатысып, жас ұрпаққа спорттық жаттығуларға арналған заттарды тарту етті.

Қарасаздық Досберген Нұрберген бұған дейін мектептегі бокс және күрес үйірмесіне қатысып келіпті. Әрине, онда жаттығуға арналған дәл мынандай су жаңа спорт құрал-жабдықтары болмаған. Енді ауыл балалары үшін кәсіби жаттықтырушылардан тәлім алуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Қарасаздағы су жаңа спорт кешеніне төрт жаттықтырушы жұмысқа орналасты. Ал Досберген Нұрбергеннің арманы – тынбай жаттығу жасап, мықты спортшы атану.

Досберген Нұрберген, оқушы:

- Мен осы Қарасазда тұрамын. Осы жерде жаңа спорт кешені ашылды. Ағаларымызға көп рахмет!

Қарасаздағы спорт кешенінің ашылуына ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, тайбокс пен кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Тоқтасын Күншібаев сияқты спорт саңлақтары да қатысты. Олар бұл шараға құр қол келмепті. Бірі тұлып сыйласа, екіншісі туған ауылының өрендеріне 20 дана боксшы қолғабын сыйға тартты.

Тоқтасын Күншібаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Бұл көптен армандаған күніміз болған. Мына індетке байланысты спорт кешенінің ашылуы біраз кешеуілдеп қалды. Бір адамның ғана тірлігі емес, барлығы қолдады.

Нұржан Құдайбергенов, Райымбек ауданының әкімі:

- Өткен жылы Талас, Шалкөде ауылдарында спорттық кешен жастардың, тұрғындардың көмегімен пайдалануға беріліп, бүгінде жастарымыз тәлім-тәрбие алып, спортпен айналысуда. Райымбек ауданының Нарынқол ауылында құны 1,3 млрд теңге болатын спорттық сауықтыру кешені жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады.

Мұндай спорт нысандары Сүмбе мен Қызылшекара ауылдарында да салынатын болады. Ал Қарасаз спорт кешенінің құрылысына 37 млн теңге жұмсалды. Қажетті қаржыны жергілікті тұрғындар жинап берген. Осылайша ауыл азаматтары көп түкірсе, көл болар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұқағали Мақатаевтай ақиық ақын шыққан өңір ұландарының болашақта Азия, әлем чемпиондары атанып, Олимп шыңын бағындыратын күні де алыс емес.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев